2026-08-04 16:57:12
33.6 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Батима Заурбекованың шығармашылығы ауқымды көрмеде таныстырылады

Экспозицияда суретшінің музей қорынан және отбасы архивінен алынған 80-нен астам туындысы ұсынылады.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақстандық гобелен өнері ұлттық мектебінің негізін қалаушы Батима Заурбекованың туғанына 80 жыл толуына орай «Мұра жіптері» атты көрме ұйымдастырылады.

Көрме 2026 жылғы 25 қыркүйек пен 8 қараша аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде өтеді.

Экспозицияда суретшінің музей қорынан және отбасы архивінен алынған 80-нен астам туындысы ұсынылады. Олардың қатарында гобелендер, кескіндеме және графикалық жұмыстар бар.

Келушілерді не күтеді?

Көрме келушілерді Батима Заурбекованың жарты ғасырдан астам уақыт бойы қалыптастырған шығармашылық мұрасымен таныстырады. Суретші ұлттық дәстүрлерді заманауи көркемдік тілмен ұштастыра отырып, қазақстандық гобелен өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Экспозиция арқылы дәстүрлі кілем тоқу өнері мен қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің отандық бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыттың қалыптасуына қалай негіз болғанын көруге болады.

Көрме үш тақырыптық бөлімнен тұрады

Экспозиция үш тақырыптық кеңістікке бөлінген.

Алғашқы залда суретшінің шығармашылығы мен қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы өнері арасындағы байланыс кеңінен таныстырылады.

Екінші бөлімде Батима Заурбекованың шығармашылығының негізгі бағыттары көрініс табады. Мұнда туындылар тақырыптық және көркемдік образдарына қарай топтастырылған.

Ал соңғы зал қазақ мәдениетіндегі әйел бейнесіне арналған. Оның басты композициялық элементі ретінде аспалы шаңырақ орнатылып, айналасына ұлттық киім киген қазақ аруларының портреттері орналастырылады.

Бұдан бөлек, келушілер суретші туралы деректі фильмді тамашалап, архивтік фотосуреттермен таныса алады. Сондай-ақ арнайы оқу тоқыма станогында гобелен тоқу үдерісін тәжірибе жүзінде байқап көруге мүмкіндік беріледі.

Көрменің маңызы

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мұра жіптері» көрмесі – Батима Заурбекованың шығармашылығына арналған ретроспективалық жоба ғана емес. Бұл көрме гобелен өнеріне қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің маңызды бағыты ретінде жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Көрме өнер сүйер қауымға, зерттеушілерге, дизайнерлерге, сәулетшілерге, сондай-ақ креативті индустрия өкілдеріне арналған.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР