2026-08-04 17:19:18
32.4 C
Шымкент

Көп қаралғандар

САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНДЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Шымкент қаласында 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде. Сайлауды қолданыстағы заңнама талаптарына сай ұйымдастырып, әрбір азаматтың дауыс беру құқығын кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасау басты назарда.

Осыған орай қаладағы сайлау учаскелерінің, әсіресе мүгедектігі бар азаматтарды қабылдауға дайындығына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгін Достық үйінде орналасқан №4 сайлау учаскесінде болып, дайындық барысымен таныстық. Іс-шара барысында қоғам белсенділері, сайлау комиссиясының мүшелері мен жауапты сала мамандары да болды.

Арнайы іс-шараға І топ мүгедектігі бар қала тұрғыны Игорь Зайцев те қатысты. Ол 30 жасынан бері мүгедектігі бар азамат ретінде барлық сайлауға тұрақты қатысып келе жатқанын айтады.

– Мен үшін сайлауға қатысу азаматтық борышым. Сондықтан әрбір сайлауда өз таңдауымды жасап, дауыс беремін. Биылғы сайлауға да міндетті түрде қатысамын. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын өзім келіп көрдім, – деді Игорь Зайцев.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, барлық сайлау учаскелерінің заңнама талаптарына сәйкестігі және қолжетімділік стандарттарының сақталуы тұрақты бақылауда. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіріп-шығуы мен дауыс беруіне қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілген.

№4 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қызылгүл Құлбаеваның айтуынша, аталған учаскеде 881 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесінің шекарасы белгіленіп, азаматтардың еркін дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Кіреберіс пандуспен жабдықталған, дауыс беру кабиналары қосымша жарықтандырылған.

Сонымен қатар, денсаулық жағдайына байланысты немесе жасы ұлғайып, сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін үй жағдайында дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.

– Үйде дауыс бергісі келетін азаматтар сайлау күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына өтініш бере алады. Өтініш қабылданғаннан кейін комиссия мүшелері олардың тұрғылықты мекенжайына барып, заңнама талаптарына сәйкес дауыс беру рәсімін ұйымдастырады. Бұл мүмкіндік денсаулық жағдайына байланысты келе алмайтын және қарт азаматтарға арналған, – деді Қызылгүл Құлбаева.

Жалпы қала бойынша сайлау комиссияларының жұмысы, сайлаушылар тізімін нақтылау, учаскелерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, жекелеген учаскелерде анықталған кемшіліктерді жою шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, шақыру батырмаларын қалыпты жұмыс режиміне келтіру, жаңадан құрылған сайлау учаскелеріне пандустар орнату және қолжетімділік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың орындалуы жауапты органдардың тұрақты бақылауында.

Айта кетейік, 23 тамыз күні шымкенттіктер
өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР