Шымкент қаласында өткен брифингте ымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы — Қалибеков Қайрат Жақыпұлы Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер және даму жоспарлары туралы тоқталды.
Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын халықаралық талаптарға сәйкестендіру және медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде ұлттық аккредиттеуден өтуі тиіс 91 медициналық ұйымның 63-і аккредиттеуден өтіп, көрсеткіш 67 пайызды құрады. Бұл медициналық ұйымдардағы қызмет сапасын халықаралық стандарттарға жақындату бағытындағы маңызды нәтижелердің бірі.
Халыққа жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында жедел медициналық жәрдем қызметіне 25 жаңа санитарлық автокөлік сатып алынды. Нәтижесінде жедел жәрдем автопаркінің жаңару деңгейі 54,2 пайызға жетті.
Қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері 251-ші бүйрек трансплантациясын сәтті орындап, еліміздегі трансплантология саласының дамуына елеулі үлес қосты.
Медициналық ұйымдардың диагностикалық мүмкіндіктері де айтарлықтай күшейтілді. Емханалар мен стационарларға 12 заманауи планшеттік ультрадыбыстық зерттеу аппараты беріліп, ерте диагностиканың тиімділігі артып, шалғай учаскелердегі тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы жақсарды.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі кеңейіп, 2026 жылдың алғашқы алты айында 273 күрделі жоғары технологиялық операция жасалды.
Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға жаңа буындағы компьютерлік томография (КТ) аппараттары және магниттік-резонанстық томография (МРТ) жүйесі сатып алынып, пайдалануға берілді. Бұл заманауи құрылғылар күрделі ауруларды ерте анықтауға және емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі 88,23 пайызға жетіп, қаладағы денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін одан әрі нығайтуға негіз болды.
