2026-06-08 12:46:36
33.9 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Денсаулық бұрышы»: шымкенттіктер саябақта дәрігерлерден тегін кеңес алды

Шымкентте тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және МӘМС жүйесі туралы ақпараттандыруға бағытталған «Денсаулық бұрышы» акциясы өтті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қалалық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған шара барысында жүзге жуық тұрғын тегін медициналық кеңес алды.

Қазақстан–Түркия достығы саябағында өткен акцияға №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігерлері мен бейінді мамандары қатысты. Ақ желеңділер тұрғындарға алғашқы медициналық консультациялар беріп, қан қысымын өлшеп, қандағы қант деңгейін тексерді. Сонымен қатар денсаулық жағдайын бағалап, аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану және профилактикалық тексерулерден уақытылы өту жөнінде кеңес берді.

Шара барысында келушілер өздерін толғандырған медициналық мәселелер бойынша эндокринолог, невропатолог, оториноларинголог және педиатрдың қабылдауында болып, денсаулықтарына қатысты сұрақтарына жауап алды. Қор филиалының өкілдері де азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін кеңінен түсіндірді. Тұрғындар сақтандыру мәртебесін анықтау, жарна төлеу тәртібі, медициналық қызметтер пакеті және МӘМС аясында қолжетімді көмектер туралы толық ақпарат алды.
«Бүгінде МӘМС жүйесі азаматтарға консультативтік-диагностикалық қызметтерден бастап жоғары технологиялық медициналық көмекке дейінгі кең ауқымдағы қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрғындардың жүйе туралы толық әрі нақты ақпарат алуы маңызды. Ашық алаңда ұйымдастырылатын осындай акциялар халықтың медициналық сауаттылығын арттырып қана қоймай, азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді», – деді ӘМСҚ Шымкент қалалалық филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден.

Тұрғындардың дәрігерлерге қаралуға деген белсенділігі олардың денсаулық мәселелеріне бейжай қарамайтынын көрсетті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да Шымкент қаласының түрлі аумақтарында осындай ақпараттық-ағартушылық және медициналық-профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР