
Шымкент қаласында білім беру ұйымдары мен қоғамдық денсаулық саласында жүйелі бақылау жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде жаңа мәзір енгізіліп, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету жаңартылған стандарттар негізінде ұйымдастырылды. №45 және №65 мектептерде пилоттық мониторинг жүргізіліп, тамақтану сапасын жетілдіруге бағытталған мәселелер зерделенді. Қалада апатты немесе үш ауысымда оқитын мектептердің жоқтығы да білім беру инфрақұрылымының тұрақтылығын көрсетеді.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің денсаулығы да бақылауда. Өткен жылы 19 мыңнан астам жұмысшы міндетті медициналық тексеруден өтті, олардың ішінде 3968-і әйелдер. Тексеру нәтижесінде кәсіби ауруларға күдік тудыратын жағдайлар тіркелмеген.
Өнімдердің қауіпсіздігін бақылау мақсатында ауқымды зертханалық жұмыстар жүргізілді. Барлығы 1566 өнім сынамасы сатып алынып, 16 мыңнан астам зерттеу жасалды. Оның ішінде тағам өнімдерімен қатар, халық тұтынатын түрлі тауарлар қамтылды.
Қалада халық денсаулығын нығайтуға бағытталған «Саламатты қалалар» жобасы да қарқынды жүзеге асырылуда. Жоба аясында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бірқатар бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, 154 мектеп «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» қатарына қосылды. Сонымен бірге, «Салауатты университеттер» жобасына бір жоғары оқу орны мен сегіз колледж, ал «Салауатты жұмыс орындары» бастамасына сегіз мекеме тартылды.
Толығырақ: https://www.youtube.com/watch?v=87p0PXqmDdA&pp=0gcJCdsKAYcqIYzv
