
Шымкент қаласында жалпыхалықтық референдумға қатысатын мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы жабдықталған 38 инватакси қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, 7 жеңіл көлік резервке қойылған.
Қалада жалпы 42 915 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бүгінгі референдумда олардың 19 мыңнан астамы дауыс беру құқығына ие.
«Шымкент қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» операторы Құттыбай Мейіржан Мадиарұлы Қаратау ауданындағы №360 сайлау учаскесіне арнайы жабдықталған инватакси арқылы келіп, өз таңдауын жасады. Аталған сайлау учаскесінде 1480 сайлаушы тіркелген.
Оның айтуынша, инватакси қызметі ерекше жандардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
– Ерекше жандардың қоғамда белсенді болуы үшін инватакси қызметінің маңызы зор. Бүгін осы көлік арқылы келіп, азаматтық ұстанымыма сай референдумда өз таңдауымды жасадым. Сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы кабинка да дайындалыпты. Сол жерде дауыс бердім, – деді Мейіржан Мадиарұлы.
Айта кетейік, жалпыхалықтық референдум барысында мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету үшін 65 сурдоаудармашы да қызмет атқаруда.
