2026-03-15 16:26:05
12.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

АҚ ЖАУЛЫҚТЫ ӘЖЕЛЕР ҰЙЫМДАСТЫРҒАН «ҚАЗАҚ АУЫЛЫ» – БЕРЕКЕНІҢ БЕЛГІСІ

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты №358 референдум учаскесінде ерекше әрі әсерлі көрініс орын алды. Аймақтың белсенді әжелері бірлесе отырып, учаске маңында ұлттық нақыштағы «Қазақ ауылын» ұйымдастырып, дауыс беруге келген тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ақ жаулықты аналар бұл бастаманы Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесінің қарсаңында халыққа шаттық пен жылылық сыйлау мақсатында қолға алғандарын айтады. Дауыс беруге келген әрбір азаматты күлімсіреп қарсы алып, ақ тілектерін арнап, ұлттық дәстүрге сай дәм ұсынып, ел-жұртты мерекемен құттықтады.

– Референдумға келіп, өз таңдауын жасайтын көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді. Ұлыстың ұлы күні де жақындап қалды. Сондықтан ел-жұрт дәм ауыз тиіп, бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін айтсын деген ниетпен осындай шағын «Қазақ ауылын» ұйымдастырдық, – дейді бастамашыл әжелер.

Ұлттық киім киген аналар қауымы дайындаған дастарқанға келгендер дәм татып, ақ баталарын алып, ерекше әсермен дауыс беруге бағыт алды. Әжелердің бұл игі бастамасы учаскеге келген тұрғындарға жылы атмосфера сыйлап, мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті.

Бұл көрініс қазақ халқының қонақжайлығын, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерін тағы бір мәрте айшықтады. Сонымен қатар, елдік маңызды оқиға – референдум мен ұлттық мерекенің рухын үйлестіріп, қоғамдағы бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Абай ауданындағы №358 референдум учаскесінде ұйымдастырылған бұл бастама тұрғындардың көңілінен шығып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Ақ жаулықты әжелердің елге деген жанашырлығы мен белсенділігі риясыз пейілдерінен көрініп тұрды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР