
Шымкент қаласындағы №99 референдум учаскесінде жастар ерекше белсенділік танытты. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының 40-қа жуық қызметкері учаскеге ұйымдасқан түрде келіп, өз таңдауларын жасады.
Учаске алды бұл күні ерекше көңіл-күйге бөленді. Ұлттық киім киген жастар қолдарына еліміздің көк туын ұстап, шағын флешмоб ұйымдастырды. Бұл көрініс дауыс беруге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, саяси науқанның маңызын айқындай түсті.
Жастарды бастап келген Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман жастардың ұйымшылдығы мен белсенділігі әрдайым қоғамға үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.
№99 референдум учаскесінде жалпы 595 сайлаушы тіркелген. Қазіргі уақытқа дейін олардың 65-і дауыс беріп үлгерді. Учаскеде 5 комиссия мүшесі жұмыс істеп, дауыс беру процесінің талапқа сай өтуін қамтамасыз етуде.
Жастардың осындай белсенді қадамы ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың қатары көп екенін көрсетеді.
