2026-03-15 15:16:47
12.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТ: РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНДЕ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» орналасқан №4 референдум учаскесінде ерекше концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мұнда қалалық этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздары күні бойы өз өнерін көпшілікке ұсынбақ. Референдум учаскесіне келушілер үшін бұл шара тек көңіл көтеру ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықтың, этносаралық достық пен ынтымақтың символына айналуда.

Іс-шара барысында әр ұлттың өнері айшықталып, ән мен күй, билер арқылы ұлттық дәстүрлер көрерменге шынайы сезіммен жеткізілуде. «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының «Нұр әжелер» тобы Нұрғали Тілендиевтің шығармаларын орындап, «Өз елім», «Ассалаумаләйкум», «Ел аман болсын» сынды әндер арқылы қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дауыс берушілерді келе жатқан шуақты Наурыз мерекесімен құттықтаған ұйымдастырушылар ән мен күйден шашу шашып, мерекелік көңіл-күйді арттырды.

Қазір қалалық өзбек этномәдени бірлестігі өнерпаздары Тимуржан Кадирбердиевтің «Ўйнасин онам», Адина Нарованың «Бауырлар», «Байрам муборак» әндерін орындауда. Тыңдармандарға шынайы эмоция сыйлаған концерттік бағдарламада «Ардагер» вокалдық тобы «Яблоневый вечер», «Подари березка», «Птица счастья» әндерін нәшіне келтіріп орындап, көпшілікке естен кетпес сәттер ұсынбақ.

Концерттік бағдарлама участокқа келіп дауыс берушілер үшін әлі де жалғасады. Бағдарламада Славян этномәдени бірлестігінің «Светоч» тобы «Беларус халқының «Тяче вода вярок», «На горе колхоз» әндерін орындаймыз» деп отыр.  Сосын, татар-башқұрт этномәдени орталығының өнерпаздары да өз өнерлерімен көрерменді тәнті етпек. Резепова Ариана «Мен қазақтың қызымын» деп өлең оқымақшы. Гареева Разия өз ана тілінде «Исәнлік телем сезгә» әнін шырқайды.

Өмірді би арқылы өрнектеген Шешен-ингуш этномәдени бірлестігі «Ламан Аз» ансамблінің орындауындағы билер көрермендердің жүрегіне қуаныш пен рух беруде. Келушілердің көңіл-күйі көтеріліп, дауыс беруге келген тұрғындар мерекелік атмосферадан ерекше әсер алуда. Референдумға қатысу – әр азаматтың ел тағдырына жауапкершілікпен қарауының көрінісі.

Жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты ұйымдастырылған бұл концерттік бағдарлама – өнер мен азаматтық белсенділіктің тамаша үйлесімі болуда. Талантты орындаушыларға алғыс айтып, тарихи сәтте бірге болған ынтымағымыздың, бірлігіміздің әрі қарай да жалғасуын тілеп жатқан келушілер аз емес. «Бұл – еліміздің болашағына қосылған әрбір қадам, өнер мен патриотизмнің ұштасқан көрінісі» дейді олар.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР