
Жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің жолын кесу мақсатында 23–25 қаңтар аралығында Алматы қаласының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күшейтілген автопатрульдер, оның ішінде түнгі іздестіру экипаждары жұмылдырылды. Олар мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерді, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің ең қауіпті бұзушылықтарын жасаған тұлғаларды анықтауға бағытталды.
Іс-шара барысында қала жолдарында тәулігіне орта есеппен 1 200-ден астам патрульдік полиция қызметкері қызмет атқарды. Нарядтар апат жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде қойылып, цифрлық бақылау жүйелері кеңінен қолданылды, сондай-ақ түнгі уақытта көлік ағындарына бағытталған нысаналы тексерулер жүргізілді.
Үш күн ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3 мыңнан астам дерегі анықталды. Ең өрескел бұзушылықтардың қатарында мас күйінде көлік басқарудың 33 дерегі, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 20 фактісі, рөлде отырып ұялы телефон пайдаланудың 187 дерегі тіркелді.
Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін және мотошлемді қолданбауға қатысты 316 құқық бұзушылық, міндетті техникалық тексеруден өтпеген 172 автокөлік анықталды. Жүргізілген рейдтердің нәтижесінде 94 көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.
Іс-шара барысында қоғамдық көлік жолаушыларының қауіпсіздігіне, сондай-ақ қараңғы уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылды.
