2026-01-10 04:46:00
-1.7 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖҮЙЕЛІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Цифрлық паспортизациялау нәтижесінде қалада 6 882 көше тіркеліп, олардың жалпы ұзындығы 3 846 шақырымнан асты. Бұл соңғы 4 жылда көше санының 64 пайызға, жол ұзындығының 18 пайызға өскенін көрсетеді.

Соңғы екі жылда мегаполисте 1 328 шақырымнан астам жол салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2024 жылы – 269 шақырым, 2025 жылы – 1 000 шақырымнан астам жол іске қосылды. Ірі жобалар қатарында А-2 айналма жолының кезеңдері, Қонаев даңғылының жалғасы және Оңтүстік айналма жол бар. А-2 айналма жолының орындалу деңгейі бүгінде 90 пайызға жетті.

Қала ішінде көлік қозғалысын жеңілдету үшін жаңа жолайырықтар мен теміржол өткелдерінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, соңғы екі жылда 400-ден астам көшеде орташа жөндеу жүргізіліп, 360 шақырымға жуық жол қалпына келтірілді. Ішкі орам көшелерінде 800 шақырымнан астам жол асфальтталды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі де басты назарда. Қала көшелері толық жарықтандырылып, жарықтандыру деңгейі 100 пайызға жетті. Мың шақырымға жуық жолға таңба сызылып, интеллектуалды көлік жүйесі енгізілуде.

Қоғамдық көлік саласында 83 маршрутта 988 автобус қатынайды. Қалада жалпы 1 150 автобус бар. 2025 жылдың 11 айында 86 миллион жолаушы тасымалданып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Соңғы екі жылда автобус паркі 107 жаңа көлікпен жаңартылды.

Әуе қатынасы да қарқынды дамуда. 2024 жылдың желтоқсанында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылып, әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 2 000 жолаушыға жетті. 2025 жылдың 11 айында әуежай арқылы 1,5 миллионнан астам жолаушы қатынады. Қазіргі таңда Шымкент әуежайы 18 халықаралық және 12 ішкі бағытқа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, ұзындығы 3 300 метр болатын жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы басталды.

Жалпы алғанда, Шымкентте жол, қоғамдық көлік және әуе инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар қаланың көлік әлеуетін арттырып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруда.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР