2026-01-10 03:10:49
-0.7 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТТЫ

Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласы жүйелі дамып, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы артып келеді. Бүгінде қалада 16 626 медицина маманы қызмет етеді. Оның ішінде 5 289-ы – дәрігер, 11 337-сі – орта буын медициналық қызметкер.

2025 жылдың басынан бері қала халқы 1,9 пайызға өсіп, 1 278 514 адамға жетті. Соған қарамастан, Шымкентте дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары. Қалада 10 мың тұрғынға шаққанда 41,6 дәрігерден келеді (ел бойынша – 40,6).

Қалада алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 59 ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар, тәуліктік стационар қызметін ұсынатын 47 медициналық мекеме бар. Жалпы стационарлық төсек қоры – 4 870 орын, күндізгі стационарларда – 2 505 орын.

2025 жылдың 11 айында медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. 54 дәрігер шетелдік клиникаларда оқып келсе, 250 медицина қызметкері менторлық мастер-класстар арқылы тәжірибесін жетілдірді. Кадр даярлауға биыл 381,8 млн теңге қарастырылған.

Жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету де кеңейіп келеді. 2025 жылы 1 жүрек, 17 бүйрек трансплантациясы жасалып, жалпы 1 140 жоғары технологиялық операция орындалды. Оның ішінде 350-ден астамы – кардиохирургиялық, 100-ден астамы – нейрохирургиялық оталар.

Биыл қалада бірқатар жаңа медициналық бөлімшелер ашылды. Балалар кардиохирургиясы бөлімінде 33 ота жасалса, неонаталды хирургияда жаңа туған сәбилерге 11 операция жүргізілді. Қала онкологиялық орталығында республикада алғаш рет күрделі трахеялық ота сәтті орындалды.

Материалдық-техникалық база да нығайтылды. Екі аурухана күрделі жөндеуден өтті, жедел жәрдем қызметіне 40 жаңа автокөлік сатып алынды. Нәтижесінде, медициналық ұйымдардың жарақтандырылу деңгейі 90 пайызға жетті.

Қазіргі таңда қаладағы 89 медициналық ұйымның 58-і ұлттық аккредиттеуден өтіп, бұл көрсеткіш 65 пайызды құрады. Бұл – белгіленген республикалық межеден жоғары нәтиже.

Жасанды интеллект негізіндегі «PACS Systems», «Cerebra», «Puls AI» жүйелері енгізіліп, қатерлі ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі кеңейді. Дәрілік қамтамасыз ету де тұрақты: 4,6 млн таңбаланған дәрі қабылданып, оның 76,7 пайызы толық пайдаланылды.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласы жаңа деңгейге көтеріліп, жоғары технологиялы, қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР