
Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында «АДАЛ АЗАМАТ» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру мақсатында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында «Даналық мектебі» жобасы шеңберінде тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға РҚБ Әділ билердің бибі аналары Нарымбаева Райхан апа, Бота апа, Мамайева Ардақ Асановна, Құлжанова Ақбаян Бүркенқызы, сондай-ақ Әл-Фараби кітапханасының өкілдері Сұлухан Кемелханқызы мен Асанова Гүлжан, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Тастенова Қымбат Абдихалиевна қатысты.
Аталған кездесуде қоғам қайраткері, педагог Күләш Шәмшидинованың «Үздік» кітабы ата-аналарға кеңінен таныстырылып, оның мазмұнындағы бала тәрбиесіне қатысты құнды ойлар жан-жақты талқыланды. Кітапта көтерілген мәселелер – отбасындағы тәрбиенің рөлі, ата-ана мен мектептің өзара ынтымақтастығы, баланың тұлғалық дамуына әсер ететін рухани құндылықтар туралы тұжырымдар – қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылықпен қабылданды.
Іс-шара барысында ата-аналар өз ой-пікірлерін ортаға салып, бала тәрбиесіндегі заманауи тәсілдер, оқырман мәдениетін қалыптастыру және баланы кітап оқуға баулудың маңызы туралы ашық пікір алмасты. Педагогтер тарапынан практикалық кеңестер беріліп, отбасындағы қарым-қатынасты нығайтудың тиімді жолдары ұсынылды.
Бұл кездесудің басты мақсаты – ата-аналардың тәрбиелік жауапкершілігін арттыру, отбасындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды бекіту және мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру болды.
Осындай мазмұнды кездесулер ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттырумен қатар, қоғамда кітапқа деген сүйіспеншілікті нығайтып, жас ұрпақтың саналы, білімді, тәрбиелі болып қалыптасуына берік негіз қалайды. Бала болашағына бейжай қарамай, бірге ойлайтын, бірге әрекет ететін қауымдастық құру – бүгінгі күннің басты талабы.
