2026-01-12 02:11:30
8.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

БАЛА БОЛАШАҒЫНА — ЕРТЕ КЕЗЕҢНЕН: ШЫМКЕНТТЕ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРУҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған балаларды ерте жастан еңбек дағдыларына және кәсіпкерлікке бейімдеу бойынша пилоттық жобаның мазмұнын таныстыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Бұл бастама баланың тұлғалық дамуын жаңа деңгейге көтеруді, олардың болашақта еңбекқор әрі кәсіпкерлік ойлау қабілеті қалыптасқан азамат болып өсуін көздейді.

Жиын барысында педагогтерге жобаның негізгі тұжырымдамасы жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда:

  • пилоттық жобаның мақсаты, яғни балалардың ерте жастан тұрмыстық еңбекке қатысуы, қарапайым дағдыларды меңгеруі және алғашқы кәсіпкерлік түсініктерді қабылдауы;
  • бағыттары мен мазмұны, онда еңбек түрлерін ойын форматында үйрету, ұсақ-түйек тұрмыстық тапсырмаларды орындау, қарапайым қаржы сауаттылығына баулу тетіктері қамтылған;
  • кезеңдері, пилоттық балабақшаларда оқу топтары мен жас ерекшелігіне қарай бөлінген бағдарламалардың енгізілу тәртібі;
  • күтілетін нәтижелер, яғни бала бойында табандылық, жауапкершілік, ұқыптылық, шығармашылық ойлау және ынтымақтастық сияқты маңызды қасиеттердің қалыптасуы;
  • жұмыс алгоритмі, педагогтердің күнделікті оқу-тәрбие үдерісіне жобаны жүйелі енгізу жолдары толық түсіндірілді.

Шараға Шымкент қаласындағы 8 балабақшадан 19 педагог қатысып, жаңа жобаны жүзеге асыруға қажетті барлық әдістемелік материалдармен танысты. Мұғалімдер өзара пікір алмасып, балаларды еңбекке баулудың заманауи әдістері мен тиімді тәсілдерін талқылады.

Пилоттық жоба бала дамуын ерте кезеңнен бастауға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Еңбек пен кәсіпкерлік мәдениеттің алғашқы ұғымдарын меңгерген бала ертеңгі өмірде белсенді, жауапты және икемді маманға айналуға мүмкіндік алады. Бұл бастама мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын жаңғыртып, оқу-тәрбие үдерісінің мазмұнын біршама байытады.

Бала – ертеңгі кәсіпкер. Еңбекке баулу – бүгіннен басталады!

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР