2025-12-02 21:00:30
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕН АДАЛДЫҚ ӨЛШЕМІ

Шымкент қаласының Әдістемелік орталығы білім беру жүйесіндегі цифрлық мәдениетті дамыту мақсатында №122 жалпы орта білім беретін мектеп базасында «Жасанды интеллект пен адамгершілік: адалдықтың жаңа өлшемі» тақырыбындағы қалалық семинар ұйымдастырды. Семинарға бастауыш сынып мұғалімдері, физика, алгебра, информатика және ағылшын тілі пәндерінің педагогтері қатысты.

Бүгінде жасанды интеллект білім беру саласының барлық бағытына еніп, оқыту үдерісін жеңілдетуге, сараланған тапсырмалар ұсынуға, оқушының жеке қабілетін анықтауға және тиімді кері байланыс жасауға үлкен мүмкіндік ашып отыр. Алайда жаңа технологиямен бірге жаңа жауапкершілік те қатар жүреді. Сол себепті семинар бағдарламасы білім беру мекемелерінде адалдық қағидаларын сақтау, цифрлық этиканы қалыптастыру және жасанды интеллект құралдарын дұрыс пайдалану мәселелерін қамтыды.

Жиында педагогтер әртүрлі оқу платформаларындағы автоматтандырылған құралдардың мүмкіндіктерін талқылап, жасанды интеллект арқылы тапсырма құрастыру, оқу материалын бейімдеу, оқушылардың жұмысын объективті бағалау әдістерін тәжірибе түрінде сынап көрді. Пікірталас алаңында ұстаздар жасанды интеллектке шамадан тыс тәуелділіктің салдары, оқушының өзіндік ойлауын сақтау және академиялық адалдықты нығайту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

Семинар барысында мұғалімдер нақты сабақ үлгілерімен бөлісіп, жасанды интеллектті оқу бағдарламасына кіріктіру жолдарын көрсетті. Информатика пәнінің мұғалімдері код жазуға көмектесетін нейрожүйелердің жұмысын талдап, математика пәні ұстаздары есептерді түсіндіруге арналған интеллектуалды алгоритмдердің тиімділігін көрсетті. Ағылшын тілі педагогтері оқушылардың тілдік дағдысын дамытуда жасанды интеллекттің рөліне тоқталды.

Іс-шара кәсіби пікір алмасу, жаңа идеялар ұсыну және педагогтердің әдістемелік қорын толықтыруға бағытталған мазмұнымен ерекшеленді. Қатысушылар білім берудегі жасанды интеллекттің мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін ең бастысы – ұстаздың әдістемелік шеберлігі мен этикалық жауапкершілігі екенін атап өтті.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділігі, қызығушылығы және білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР