
Шымкент қаласы білім басқармасының Әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен №145 жалпы білім беретін мектеп базасында білім беру ұйымдарының басшылары арасында «Director’s CUP» республикалық турнирінің қалалық іріктеу кезеңі өтті. Бұл турнир басшылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сыни және жүйелі ойлау қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ шешендік шеберлікті жетілдіруге арналған бірегей білім алаңы болып табылады.
Турнирдің басты мақсаты – білім беру саласы басшыларының азаматтық ұстанымын қалыптастыру, өзекті қоғамдық мәселелерді талқылау мәдениетін дамыту және мектеп өмірінде жаңашылдықты енгізуге ықпал ету. Шара АПФ (апелляциялық пікірталас форматында) және ЛД (лидерлік диспут) форматтарында өткізілді. Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтті: іріктеу, жартылай финал және финал, бұл әрбір команданың логикалық ойлау, стратегиялық жоспарлау және коммуникативтік дағдыларын жан-жақты сынауға мүмкіндік берді.
Қалалық кезеңге Шымкент қаласының білім беру ұйымдарынан басшылар мен жетекшілер қатысып, өз білімі мен тәжірибесін көрсетіп, турнирдің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етті. Турнир барысында қатысушылар нақты өмірлік жағдайларды талдап, өз позициясын қорғау, тиімді шешім қабылдау және кәсіби көшбасшылық қабілеттерін көрсету бағытында сынға түсті.
Қалалық кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық турнирге жолдама алған қатысушылар анықталды:
- Арғынбай Рахат Ердәулетұлы – «№1 Talant» жалпы білім беретін мектебі;
- Сүлейменова Мейра Сапарбековна – №143 жалпы орта білім беретін мектеп.
Барлық қатысушылардың кәсіби дайындығы жоғары бағаланып, олардың турнирге деген қызығушылығы мен белсенділігі атап өтілді. Қалалық турнирдің ұйымдастырушылары қатысушыларға алғыс білдіріп, республикалық кезеңде табыс тілеп, олардың жарқын жеңістерге жететініне сенім білдірді.
Атырау қаласында өтетін республикалық «Director’s CUP» турнирі – білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби шеберлігін шыңдайтын маңызды алаң. Жолдама алған қатысушылар Шымкенттің атын қорғай отырып, білім беру саласындағы үздік көшбасшылар қатарында болуға мүмкіндік алады. Турнир қатысушыларына стратегиялық ойлау, сын тұрғысынан бағалау және тиімді шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруде жаңа тәжірибе жинауға жол ашылды.
Шымкент қаласының білім саласы өкілдері жолдама алған қатысушыларға сәттілік тілеп, республикалық кезеңде табысты өнер көрсетуге тілектестік білдіреді. Жеңістеріңіз бен кәсіби жетістіктеріңіз көп болсын!
