
2025 жылғы 8–12 қараша аралығында елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін «Қазақстан Білім Олимпиадасының» жаратылыстану-математика бағытындағы пәндері бойынша кезеңі өтті. Ірі білім додасын «Дарын» РҒПО, «Білім-Инновация» ХҚҚ және «Edlight Academy» ұйымдастырып, дарынды оқушылардың қабілетін анықтау, қолдау және олардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізді.
Биылғы олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен барлығы 1946 оқушы қатысып, білім мен біліктілігін сынады. Шымкент қаласы да өз талантты өрендерін ала келіп, 8 білім беру ұйымынан 123 оқушы қаланың атын қорғай отырып бақ сынады. Қалалық оқушылардың нәтижесі ерекше байқалып, ғылыми және математика саласындағы білім деңгейін дәлелдеді.
Шымкенттің жас зияткерлері олимпиаданың түрлі номинацияларында жоғары нәтиже көрсетті:
- 3 алтын жүлде;
- 10 күміс жүлде;
- 19 қола жүлде;
- 22 мадақтама иеленді.
Бұл көрсеткіш қаламыздың ғылыми әлеуетін айқын көрсетіп, оқушылардың білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығын дәлелдеді. Әсіресе жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге қызығушылық танытқан жастардың шығармашылық қабілеті мен логикалық ойлау деңгейі байқауда ерекше бағаланды.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі «Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты базасында өтті. Шарада оқушылардың жетістігін атап өтіп, олардың білімге деген талпынысын қолдау маңызды деп танылды. Марапаттау кезінде оқушыларға дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, олимпиадалық дайындық барысында ерен еңбек сіңірген жетекші мұғалімдерге алғыс білдіріліп, олардың кәсіби шеберлігі жоғары бағаланды.
«Қазақстан Білім Олимпиадасы» – дарынды оқушылардың қабілетін дамытуға арналған маңызды алаң. Бұл білім додасы оқушылардың тек пәндік білімін ғана емес, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және ғылыми ізденіс дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Шымкент қаласының оқушыларының осындай жетістіктері – қаланың білім беру жүйесінің сапалы дамып келе жатқанын көрсетеді.
Қалалық білім басқармасы мен ұйымдастырушылар жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олардың алдағы республикалық және халықаралық кезеңдерде де табысқа жететініне сенім білдірді. Оқушылардың жеңісі – қаламыздың ғылыми және интеллектуалдық дамуының көрінісі әрі жаңа белестерге жол ашатын маңызды жетістік.
Шымкент оқушыларының табысына үлес қосқан барлық ұстаздарға алғыс білдіреміз! Жаңа жеңістер мен биік белестер алда болсын!
