2024-11-24 12:58:44
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Шымкент жастар лигасы»: жас шахматшылар 20 млн теңге жеңіп алды

«Шымкент жастар лигасы»: жас шахматшылар 20 млн теңге жеңіп алды
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай үшінші мегаполисте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен биылғы 1 наурыздан бастап «Шымкент жастар лигасы» спорттық ойындары бастау алған болатын. Шаһар тарихында алғаш рет қолға алынған ірі спорт бәсекесінде оқушылар төрт спорт түрінен – волейбол, футбол, баскетбол және шахмат ойындарынан сынға түсуде. Бұл жоба мектеп оқушыларының спортқа деген ынтасын оятып, қызығушылығын арттыруда.
Бүгін шахматтан финалдық ойындар өтіп, чемпиондар анықталды. Жалпы шахмат ойынына қатысуға қаладағы 140 мектеп өтінім білдіріп, 560 оқушы бақ сынады. Ойынның қорытындысы бойынша А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия шәкірттері үздік атанып, жеңімпаз командаға 20 млн теңге табыс етілді. Ал №9 мектеп-лицейі 2-орынды иеленсе, №23 мектеп 3-орыннан көрінді.
Салтанатты шарада қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы зияткерлік ойын бәсекесінде дара шыққан командаларды арнайы марапаттады. Шаһар басшысы пандемия кезеңінде шахмат ойыны бұрынғыдан да зор маңызға ие бола түскенін, мегаполистің шахматшылары онлайн-турнирлерде үздік нәтиже көрсеткенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында биыл алғаш рет «Шымкент Жастар Лигасы» өтіп жатыр. Шахмат әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Шахмат адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, қиын сұрақтарды шешіп, күрделі идеяларды ойлап табуға септігі мол. Шахмат ойынынан Шымкент қаласында да жеңісті дәстүр бар. Көптеген халықаралық додаларда Әнұранымызды шырқата білген алғашқы гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева және Жансая Әбдімәлік – Шымкент қаласының тумасы. Осы оқу жылында Қазақстанда тұңғыш рет Шымкент мектептерінде шахмат ойыны енгізілді. Сіздерге шахмат спортына қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін және жаңа табыстар тілеймін, – деді қала әкімі.
Бүгінде «Шымкент жастар лигасына» қатысуға 140 білім ұйымынан, 536 командадан өтініш түскен. Ойындарды үйлестіру үшін 420 денешынықтыру маманы жұмылдырылып, тікелей 8 569 оқушы қатысуда.
Шаһардың 4 ауданын түгел қамтыған бұл ауқымды спорттық шара 2 кезеңге жоспарланған. І кезең — наурыз бен маусым айларының аралығында жалпы білім беру мекемелерінің арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарына бағытталса, ІІ кезең – қыркүйек пен қараша айларында жоғарыда аталған төрт спорт түрінен жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында өтеді.
Еске сала кетсек, «Шымкент жастар лигасының» жалпы жүлде қоры – 80 млн теңге. Спорттың әр түрінен үздік шыққан командаға 20 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық беріледі. Жүлде қаржысы мектептің қажеттіліктеріне, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.
Айта кетейік, жеңімпаз командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі 1 маусым күні «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өтеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР