Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың жергілікті кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Ауқымды жиынға қалалық прокуратура және салалық басқармалардың, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.
Жиынды Өңірлік кеңестің төрағасы Қайрат Молдасейітов ашып, жүргізіп отырды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуы мен инвестициялық ахуалға тоқталды.
– Шағын және орта кәсіпкерлік — ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Мемлекет басшысы Жолдауда бәсекеге қабілетті орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Қаржылай қолдау салықтық төлемдерін арттырған және әлеуметтік жауапкершілікті сезінген кәсіпкерлерге беріледі. Бұл — өте маңызды мәселе. Себебі, кәсіпкерлер арасындағы сот процестері әлеуметтік маңызы бар нысандардың пайдалануға берілуін кешеуілдетеді. Сондай-ақ, кейбір кәсіпкерлердің салған тұрғын үйлерінің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсуде. Біз кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесіп, осындай күрделі мәселелерді ашық талқылап отырамыз, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Жалпы, Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев баяндады.
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік саласын дамыту жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың мәліметінше, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау шаралары тұрақты жүргізіледі.
– 2023 жылдың 9 айына кәсіпкерлер палатасының қарауына бизнесті қорғау саласы бойынша 69 өтініш қабылданып, 63-і қаралған. Іскер азаматтардың қорғалған құқықтарының жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық. Биылғы түскен ең көп өтініштер – мемлекеттік сатып алулар саласы бойынша – 30%, жер қатынастары – 14%, көлік және логистика саласы бойынша 13 пайызды құрап отыр. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес жұмысын атқаруда, 8 отырыста кәсіпкерлердің жүйелі 12 проблемалық мәселесі қаралды, – деді Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Жиында бизнестің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары кең талқыланды. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оны шешу бойынша ұсыныстарын да айтты.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және салалық басқарма басшылары кәсіпкерлермен тікелей тілдесіп, ұсыныстарын жазып алды, кейбіріне сол жерде-ақ жауап берді.
Жергілікті атқарушы орган және бизнес қауымдастық арасындағы мұндай жүздесу алдағы уақытта да жалғасады.
«Шымкент келбеті»