Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қарттарға мемлекет тарапынан қандай қамқорлық көрсетіліп жатқаны туралы айтып берді.
«Қазақстанда Дүниежүзілік қарттар күнін мерекелеу шараларына тоқталғым келеді. Қазіргі уақытта барлық өңірде осы мерейлі мереке құрметіне аға ұрпаққа лайықты қамқорлық пен құрмет көрсетуге бағытталған қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы өткізіледі», – деді С. Жақыпова.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда жасына байланысты 2,3 млн зейнеткер тұрады. Олар үшін зейнетақыны арттыру жүйелі түрде, тұрақты негізде жүргізіледі.
«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 10,5% құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-на дейін, ортақ зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды. Нақты цифрмен айтсақ, 158 мыңнан 189 мыңға дейін өсірілді», — деді Светлана Жақыпова.