2024-11-22 14:43:02
11.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Сайрам тұрғын алабында «VISIT SHYMKENT» туристік ақпараттық орталығы ашылды

Сайрам тұрғын алабында «VISIT SHYMKENT» туристік ақпараттық орталығы ашылды

27 қыркүйек – бүкіләлемдік туризм күніне орай, Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен пресс-тур басталды. Пресс-турға 50-ге жуық шетелдік және отандық travel-блогерлер, БАҚ өкілдері қатысып, қонақтар қаланың тарихи және тартымды орындарын тамашалады. Алдымен Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Үндістан, Германиядан келген қонақтар А.С.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында басқосып, оларға үшінші мегаполистің туристік әлеуеті туралы ақпарат беріліп, имидждік бейнеролик көрсетілді.

Қонақтар Цитадель, «Ибрагим ата» кесенесі, «Қызыр» мұнарасына саяхаттады. Пресс-тур қатысушылары Сайрам тұрғын алабындағы жаңа «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ашылу салтанатына қатысты.

– Сайрам тұрғын алабында қаншама сакралды орындар бар. Мұндағы тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті орындарды көруге келетін туристердің саны артып келеді. Сондықтан оларға ақпараттық көмек керек. Осы мақсатта тұрғын алаптан «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығын аштық. Енді кез келген турист және қала тұрғындары орталықтан ақпарат алып, гидпен бірге экскурсияға шығуына болады, – деді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.

– Бұл біздің Шымкентке бірінші келуіміз емес, — дейді ақпараттық турға қатысқан германиялық Аксель Монзе. – Шымкент – тарихы терең, мәдени жағынан алда келе жатқан көне қалалардың бірі. Қаладағы қай мейрамханаға кірсең де, дәмді астарымен күтіп алады. Ұлттық тағамдары ұнайды. Адамдары өте жылы шырайлы, құшақ жая қарсы алады. Еуропада күн бұлтты болғандықтан, осы жердің күн шуағы маған ұнады. Қазақстан, оның ішінде Шымкент жайлы көптеген ақпараттарға қанықтық, – деді Аксель Монзе.

Ақпараттық блог-тур үш күнге созылады.

«Шымкент келбеті»

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР