Биыл Шымкентте 9 көпқабатты тұрғын үйдегі 13 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайтарымды қаржы негізінде орнатылатын болады. Бұл бойынша қазіргі таңда қаржылық-экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жедел сатылардың келісім шарт бойынша 2 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған.
Тұрғын үйлердегі ескіріп істен шыққан жеделсатылар бүгінде физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген. Техникалық сараптама жүргізуші мамандар бұл істен шыққан жеделсаты модель түрлерін өндіретін өндіріс 25 жылдан астам уақыт бұрын өз жұмысын тоқтатқандығын айтады.
Сонымен қатар қосалқы бөлшектер, тетіктер мен механизмдері нарықтан жойылған. Сондықтан тозған және істен шыққан жеделсатылардың тек бөлшектерін ғана ауыстыру мәселесі лифттің қауіпсіз жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Осыған сәйкес сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша лифтілерді одан әрі пайдалануға рұқсат етілмейді. Яғни лифттерді толығымен ауыстыру қажеттігі анықталып отыр.
Айта кету керек, көппәтерлі тұрғын үйлердің жедел сатысын ауыстыру үшін жергілікті бюджеттен 163 млн. 500 мың теңге қаржы қаралу жоспарлануда.