Шымкентте Қазақстандағы метрологияның 100 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК Шымкент қаласы және Түркістан облысы филиалы, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, түрлі кәсіпорындардың метролог мамандары қатысты.
«ҚазСтандарт» РМК филиалының директоры Сәкен Бейсеев қатысушыларды еліміздегі метрологияның 100 жылдығы мерейтойымен құттықтап, бұл саланың экономикадағы маңызы зор екенін атап өтті. Елімізде метрологияның пайда болу және даму тарихы 1923 жылдың 5 қарашасынан басталады. Қазақстан метрологиясы 100 жылда қалыптасу кезеңінен өтті.
«ҚазСтандарт» РМК филиалының бас маманы Айнұр Махамбетова метрология саласының еліміздегі және шаһардағы қазіргі даму жағдайына, өзекті мәселелеріне тоқталды. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, техникалық базаны дамыту, кадрлар даярлау, өлшем нәтижелерін халықаралық деңгейде таныту бағыттарында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде республика кәсіпорындарында 10 мыңнан астам метролог жұмыс істейді.
Іс-шарада осы салаға елеулі үлес қосқан қызметкерлер алғыс хаттармен марапатталды. Енді маусым айында Шымкент қаласында ауқымды семинар және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, жиында «QazIndustry» Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас маманы Айдана Әділсұлтани өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары тақырыбында баяндама жасады.