Астана әкімі Жеңіс Қасымбек газ жылу станциялары, ауыз су станциялары мен ЖЭО-3 құрылысының барысымен танысты. Әкім жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Instagram парақшасында айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Қалада жайлы өмір сүру — тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысына байланысты. Қала тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қабілеттілігіне көңіл бөліп қана қоймай, жаңаларын да салу қажет.
Қаланы аралау барысында осыған дейін құрылысы басталған нысандардың жұмысымен таныстым. Олар — газ жылу станциялары, ауыз су станциясы (ССС-3), ЖЭО-3.
Екі газ жылу станциясын («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») келесі жылыту маусымынан (2023 жылы) бастап іске қосу жоспарланып отыр. Олар жылумен жабдықтау көлемін едәуір арттыруға, құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан болашақ аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа газ жылу станцияларының қуаты ЖЭО-3 қуатынан асып түседі. Мәселен «Тұран» газ жылу станциясы 8 млн шаршы метр тұрғын үйді жылыта алады.
ЖЭО-3-ке тоқталар болсақ, қалаға қажетті нысанның ұзақ құрылымды екені белгілі. 2023 жылы ЖЭО-3 жұмысын іске қосу міндеті қойылды. Қуаты — 3,5-4 млн шаршы метр тұрғын үй.
Сол сияқты қаланы қосымша ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Ауыз су станциясының да (ССС-3) толық іске қосылуы келесі жылға жоспарланып отыр. ССС-3 қуаты — тәулігіне 100 текше метр судан асады.
Қаланың қазіргі даму қарқынына сәйкес жаңа тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының да қуаты жеткіліксіз болады. Сол себепті Астананың 2035 жылға дейінгі Даму бас жоспарының жобасына қосымша ауыз су станцияларының, жылу станцияларының және т.б. құрылысы енгізілуде»,-деп жазды елорда әкімі.