Бүгін шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қалада құрылысы қарқынмен жүргізіліп жатқан А-2 айналма тас жолына барып, жұмыс барысын тексерді.
Қазіргі таңда А-2 айналма жолының ІІ және IV кезеңінің құрылысы жүргізілуде.
ІІ кезең – Ынтымақ ш/а Темірлан тас жолына дейінгі аралық. Жалпы ұзындығы 2,48 шқ, ені 80 метр. 4 жолақты жолдың екі жағынанда су ағатын арық, жасыл аймақ, аяқ жол, жарық шамдар қою көзделген. Жер жұмыстары аяқталуға жақын, 76%-ы орындалды.
Қазіргі уақытта мемлекет мұқтаждығына жер телімдері қайтарылуда. Сондай-ақ Барыс базарына барар жолда сақиналы жолайрықтың жол негізі жасалынып, жұмысшылар аяқжол тастарын қалауда.
IV кезең – Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейін. Жалпы ұзындығы 1,86 шқ құрайды, ені 35,5 метр. 6 жолақты жолдың екі жағынан да су ағатын арықтар, жасыл аймақ, аяқжол салу көзделген. Құрылыс жұмыстары 55%-ға орындалды, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Қала әкімі сала басшылары мен мердігер мекемеге жолдардың сапалы және құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтенов Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысын аралап, жұмыс барысын тексерді.
Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрық магистралының ені 80 метрден 4-6 жолақты құрайды.
Жобаға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады.
Қазіргі таңда, Бәйдібек би даңғылының негізгі көпір өткелінің конструкциясы, екінші және үшінші оң жақ өткелдердің тіреу қабырғаларын орнату және Арғынбеков көшесінің жол негізін дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Арғынбеков көшесі арқылы өтетін бірінші деңгейдің жолдарын гранитті тақта таспен әрлеу жұмыстары жүргізілуде.