Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков медицина саласының дамуына үлес қосқан ардагерлермен кездесті. Басқарма басшысы ілкі буынның тәжірибесінен ақыл-кеңес сұрап, ой-пікірлерін бөлісті, аталған салада атқарылып жатқан оңды өзгерістерден де хабардар етті.
“Сіздермен кездесу біз үшін маңызды. Еңбектеріңізді ерекше құрмет тұтамын! Қалада денсаулық сақтау саласын жақсартуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде стационарлық деңгейде 15 мемлекеттік аурухана 3533 төсек орында және 25 жеке меншік аурухана 788 төсек орында қызмет көрсетуде. 2022 жылы балалар үшін онкогематология, нефрология, интервенциялық кардиология, стоматология бөлімшелер ашылды. Жыл соңына дейін ерекше балаларға арналған ерте араласу және дамыту орталығын, офтальмология бөлімшесін ашу жоспарланды.
Биыл ересектер үшін эндокринология, онкогематология, нейрохирургия бөлімшелер ашылды. Жыл соңына дейін қосымша эндокринология, гастро-гепатологиялық және дермато-венерологиялық бөлімшелерін ашу жоспарланды”-деді Н.Асылбеков.
Денсаулық сақтау саласының ардагерлері өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселені ортаға салды. Одан соғ басқарма басшысының есебіне оң баға беріп, қызметіне табыс тіледі.
“Халық денсаулығы басты байлығымыз. Басқармаға жүктелген міндет ауыр. Жұмыстың табысты болуына тілектеспіз. Біз сияқты ардагерлердің басын қосып, жұмысты талқылағаныңа ерекше алғыс білдереміз”-деді ардагерлер.
Осы жиын негізінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы жанынан ардагерлер кеңесі құрылатын болды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі