Шымкент қаласының әкімі шаһарға қарасты Өтеміс және Базарқақпа елдімекендеріне барып, жөндеуден өтіп жатқан жолдардың құрылыс сапасын тексерді.
Қаратау ауданы аумағында орналасқан Өтеміс тұрғын алабында ағымдағы жылы ұзындығы 5,1 шақырымды қамтитын 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.
Бүгінде Өжен, Ақкөл және Мұрат көшелерінің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Ал ұзындығы 3,1 шақырым, ені 6 метрді құрайтын КХ-42 көшесінде жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда асфальт жабындысының 2-қабатын төсеу жұмыстары атқарылуда. Орташа жөндеу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
«Сапаға жұмыс істеуіміз керек. Берілген ескертулерді дер кезінде жойып, қателікке қайта жол бермеу керек» деп, ескертті Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне.
Сонымен қатар Шым шаһар басшысы М.Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы темір көпірдің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Естеріңізде болса, демеуші азамат есебінен Сайрам су өзені үстінен ұзындығы 43 метр, ені 5 метр болатын аспалы көпір салынып жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Қазіргі уақытта көпір құрылысымен қоса транспорт басқармасы тарапынан көпірге дейінгі ұзындығы 400 метр, ені 6 метр болатын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.
Айтып өтейік, Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы ағаш көпір 1986 жылы салынған. Су шайып кеткен соң 1994 жылы ауыл тұрғындары өз есебінен адамдардың жаяу өтуі үшін қайтадан темір көпір салып, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп келген.
Жалпы биыл шаһарда 21,9 шақырымдық тоғыз магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі