Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың жүз жылдығына орай Шымкент қаласында бірнеше ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Соның алғашқысы мегаполистегі Әл-Фараби алаңының маңындағы белгілі тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Аталған іс-шараға кезінде А.Асқаровтың көзін көрген бірге қызмет атқарған замандастары – еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және осы мақсатқа орай Шымшаһарға арнайы келген қонақтар қатысты.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң жиналған қауым қайраткерді құрметпен еске алып, есімін ұлықтады. Солардың ішінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Асанбай Асқаровтың мегаполистің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын тебірене жеткізді.
Қазақ елінің өркендеуі жолында уақытын да жанын да аямаған тұлғалардың қатарында Асекеңнің есімі ерекше аталады. Және дәреже тұрғысынан ол кісінің алар орны әрдайым биікте тұрады. Шымкенттіктер әрдайым ардақты азаматты жадында ұстап өтеді. Өйткені ол қаланың гүлденуіне, көркеюіне көп еңбек сіңірген адам. Мұндай тұлғалардың халық жадынан ұмыт өалуы мүмкін емес деді ол.
Сондай-ақ осы күні Асанбай Асқаров атындағы қордың және Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Риксос Хадиша қонақүйінің үлкен залында ғылыми конференция өтті. Аталған жиын А.Асқаровпен бірге кезінде қызмет атқарған замандастарының, еңбек ардагерлерінің, қалалық мәслихат депутаттарының, ғалымдардың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, бір топ зиялы қауым өкілдерінің және ұстаздар мен жастардың басын қосты.
Халқы үшін аянбай қызмет еткен қайраткер өзінің саналы ғұмырында шарықтауды да, құлдырауды да бастан кешірді. Халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Сондай-ақ алмағайып замандағы саяси қақтыстардың да құрбаны болды. Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен Асанбай Асқаровтай тұлғаның өмірін, ерен еңбегін осы залда отырған ардагер ағалар көзбен көрді. Ал біз секілді жас буын сіздер айтқан тағылымды әңгімеден өнеге алып келеміз. Оның жарқын бейнесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздерге артылған аманаттық парыз, мәртебелі міндет деді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов құттықтау сөзінде.