Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов, “China Machinery Engeneering Corporation” компаниясының директоры Ху Джанху шаһардағы Бозарық-2 шағын ауданынан ашылатын 800 орындық университеттік көпбейінді аурухана мен бір ауысымда 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталықтың құрылысының басталуына ресми түрде пәрмен берді. Салтанатты іс-шараға сондай-ақ қалалық денсаулық сақтау мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшылары, университет ректорлары мен қоғам белсенділері қатысты.
Жоба арнайы мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес іске асырылуда.
Қос нысан да жеке инвестор-«Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингі есебінен салынады. Осынау жобаны іске асырудың нәтижесінде қалада жаңадан 2500-нан астам жұмыс орны пайда болады.
Аталған іс-шарада алғашқы болып сөз алған шаһар басшысы: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық саласын дамытуға көп басымдық берді. Жалпы, ел экономикасы мен халықтың денсаулығы арасында тікелей байланыс бар. Себебі дені сау ұлттың экономикасы да мықты болады. Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дені сау ұлт тиімді экономиканы қалыптастырады. Ұлт саулығы мен өндіріс ресурс кез келген қоғамдық жүйенің басты байлығы болып саналады. Осы орайда, қаламызда жаңа заманауи аурухананың салынуы халыққа медициналық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге, төсек-орын тапшылығы қысқарып, мегаполис тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызметтер алуға зор мүмкіндік туады,-дей келе заманауи емдеу, диагностикалық мекемесінің құрылысына мұрындық болған «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ұжымына және С.Сейітжанұлына белсенді азаматтық ұстанымы мен шаһардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін жеке алғысын білдірді.