25 қазан Республика күніне орай Шымкент қаласының Көрме орталығында салтанатты іс-шара өтті. Биыл тұңғыш рет ұлттық мереке ретінде тойланып жатқан салтанатты кешке мегаполистің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, депутаттар, түрлі саладағы қызметкерлер мен жастар қатысты. Мерекелік басқосудың шымылдығы Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер мен Республика күнінің маңыздылығы жайлы түсірілген бейнероликпен түрілді. Әрі қарай Көрме залында еліміздің әнұраны әуелеп, сап түзеген жауынгерлер Көк туымызды ортаға алып шықты.
Салтанатты жиынның ресми бөлігі басталып мінберден сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жиналған барша жұртты ұлттық мерекемен құттықтап, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық салаларда қол жеткізген басты табыстары жайында баяндап өтті.
Құрметті шымкенттіктер, ардақты ағайын! Баршаңызды бүгінгі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Көпшілікке мәлім, 1990 жылы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы Деклорация қабылданған болатын. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күн ұлттық мереке ретінде бекітілді. Бұл маңызды шешім халықтың қолдауына ие болып, биылдан бастап ұлттық мереке мәртебесінде аталып өтетін болады. Бүгінде елімізде әділетті Қазақстанды құру бойынша ауқымды реформалар қабылданып жатыр деген шаһар басшысы республикамен бірге үшінші мегаполистің негізгі даму көрсеткіштеріне арнайы тоқталып өтті.
«Елімізде конституциялық реформа бойынша референдум өтіп, Ата заңға тиісті түзетулер мен өзгертулер енгізілді. Соның нәтижесінде парламенттік биліктің рөлі күшейтіліп келеді. Жаңа саяси басқару моделі қалыптасуда. Осының барлығы да республиканың демократиялық құндылықтарын, аумақтық тұтастығын, халықтың конституциялық құқықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Жаңа Қазақстанды құру бағытындағы осы қадамдар оңынан болсын», деді әкім.
Салтанатты кеш соңы Шымкенттен түлеп ұшып еліміздің үлкен сахналарда талантымен танылып жүрген белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.