25 қазан – Республика күніне орай, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қалалық «Достық үйінің» базасында «Бірлік алаңы» коворкинг орталығының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты ашылу этнос жастары арасында өткен дебатпен жалғасын тапты.
Биыл Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Президент Республика күні мерекесіне ұлттық мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бұл дата ел аумағында 2009 жылға дейін кең көлемде аталып өтті. Кейіннен енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік мерекелер қатарынан алынған болатын. Енді араға 13 жыл салып, Республика күні мерекесімен қайта қауышқалы отырмыз. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын – деді М.Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығы директорының орынбасары Е.Анарханұлы.
Мерекелік жиында жаңадан ашылған орталық 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізетіні, қоғам тұрақтылығын нығайту мәселесі бойынша халықтық жобалардың ішінде, жастарға арналған стартап жобаларды ұсыну, «Ассамблея жастары» ұйымы шеңберінде жастардың диалог алаңын қалыптастыру, дебаттар, пікір-сайыстар ұйымдастыру, Мемлекеттік тілді үйрету мақсатында түрлі бағыттар бойынша семинар-тренингтерге этнос жастарын белсенді қатыстыру мәселелері талқыланды.
Жалпы, Шымкент қаласында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық өкілдігі 2022 жылғы 1 ақпан күні құрылып, оның жетекшісі болып Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясының 2-курс студенті Мейірбеков Нұрболат таңдалды. Ұйым қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтары негізінде жастар бастамашылдығын қолдау, оларды мемлекеттік құндылықтар аясына топтастыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі шеңберінде жастарды жұмылдыру және қазақстандық жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту бағытында жұмыстар атқарып келеді.
Жыл басынан бері «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігі мүшелерінің қатысуымен 38 іс-шара ұйымдастырылып, белсенді жастар мен ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен 24 мақсатты кездесу өткізілді. Дебат соңында «Ассамблея жастары» ұйымының жыл соңына дейін өткізетін іс-шаралары мен жобалары таныстырылып, жастар белсендін арттыру маңызы түсіндірілді.