Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықтың жеке мәселелері бойынша жоспарланған кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді.
Талап-тілегін алға тартқан 200-ден астам тұрғынды қала әкімі М.Әйтеновпен қоса, мәселеге қатысты басқарма басшылары, салаға жауапты әкім орынбасарлары, Шымкент қаласы полиция департамент басшылары мен прокуратура секілді мемлекеттік органдар өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.
Әртүрлі себептермен қиын жағдайда жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешім жолдары қаралды. Мәселенің біразы сол жерде шешімін тапса, тағы біразына уақыт қажет. Ал, орындалуы заңға қайшы талап иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Көпшілік баспана кезегі, жер телімдерін заңдастыру, жеке кәсіпкерлік нысандарына жер бөлу, жолдар салу сияқты мәселелерімен қатар, іргелес және шалғай жатқан елдімекендердің су, газ, жарықпен қамтылуын сұрауда. Денсаулық саласы мен білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру жөніндегі сұрақтар да жоқ емес.
Барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты шешілу жолдары айтылып, хаттамаға енгізілді.
Өзектілігін жоймаған тұрғын үй кезегі мен жер телімін заңдастыру мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді.
Еске салар болсақ, қала әкімінің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.
Бұдан бөлек Мұрат Дүйсенбекұлы жыл басынан бастап мегаполистегі елді мекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіпті. Және сонда көтерілген 1020 мәселенің әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынды. Соның нәтижесінде бүгінге дейін 500-ге жуық мәселе өзінің оңды шешімін тауып, 377-сі жыл соңына дейін орындалатын болады. Ал 195 проблеманың түйінін тарқату 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілді.
Сонымен бірге соңғы 9 айда өала басшысы 12 рет жеке қабылдау өткізіп, 1 200-ден астам азаматтың өтініш-талаптары тыңдалды. 2 341 мәселенің 760-сы нақты шешімін тапса, 1 476-сы қазіргі таңда орындалып жатыр. Қалғандары заң талаптарына сәйкес шешілетін болады.