Сенатор Әли Бектаев Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, онда Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамытуға қосымша қомақты қаражат бөлуді өтінді, деп хабарлайды CITYNEWS.KZ ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Сенат депутаты соңғы жылдары Түркістан қаласы қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Дегенмен шешімін күткен бірқатар мәселелер бар.
«Түркістан қаласында салынып жатқан көркем ғимараттардың көпшілігін ауыз сумен, кәріз жүйесімен, электр желілерімен, жылу жүйесімен қамтамасыз ету жайы шешілмеген. Осыған байланысты біз Премьер-Министрден 23 млрд теңге көлемінде қаржыны 3 жылдық бюджеттен қарауын сұраймыз», — деді сенатор.
Оның айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау барысында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымына; көпқабатты тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету мен кәріз жүйелеріне; электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қосалқы станса салуға; тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуге; жаңадан салынып жатқан қала аумағын абаттандыруға; қаладағы жаңа тұрғын үй алабына инженерлік-инфрақұрылымдарды жүргізуге; «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының айналасын абаттандыруға қаражат бөлу қажет.