2024-04-23 16:03:50
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкентте еліміздегі алғашқы «Отбасылық кітапхана» ашылды

Шымкентте еліміздегі алғашқы «Отбасылық кітапхана» ашылды
Бүгін, 20 наурыз – «Зияткерлік күніне» орай Шымкент қаласындағы «Забадам» шағынауданында Қазақстандағы алғашқы «Отбасылық кітапхана» ел игілігіне берілді.
Кітапхананың ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бұл мекеме отбасылық құндылықтарды ілгерілету мен дәріптеуге зор мүмкіндік болатынын атап өтті.

Аталған кітапхананың ерекшелігі сол, отбасымен бірге тиімді уақыт өткізуге және балалар демалысы үшін қолайлы жағдай жасалған, яғни «үй үлгісіндегі» жаңа форматтағы кітапхана деуге болады. Мұнда әдеттегі оқу орындары шеңберінен шығып, үйірме жұмыстарын жүргізуге, іс-шаралар өткізуге, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамыту мүмкіндігі бар комьюнити орталықтар болып саналады. Дегенмен, бұрынғыша оқу мен жұмыс істеу үшін ыңғайлы орын болып қала береді.

Игі шара барысында қала әкімі тұрақты келушілерге арналған бонустық жүйемен, сондай-ақ кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасымен және алдағы іс-шаралар күнтізбесімен танысты. Сонымен қатар, кітапхана жанынан ашылған «Шахмат» үйін де аралап көрді.

Кітапхана жұмысымен танысу кезінде аталған мекеме ұжымы Мұрат Дүйсенбекұлына отбасылық абонементін тарту етті. Ал, шаһар басшысы ізгі ниетке алғыс ретінде кітапханаға өз атынан бірнеше кітап сыйға тартты.
«Отбасылық кітапхана»-ның 35 мың кітап қоры бар. Бұдан былай балалар кітапханаға ата-аналарымен, ата-әжелерімен келіп уақытын тиімді өткізе алады. Тек кітап оқып қана қоймай, спорттық және шеберлік үйірмелері не қатысуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, ата-анасымен кітапханаға ең көп келген балалар зообаққа, цирк қойылымдары мен мәдени орындардағы шараларды тегін тамашалай алады.

Кітапсүйер қауымды қуантатын тағы бір жаңалық, мұнда келушілерге отбасылық психология және бизнесті жүргізу бойынша тақырыптық секциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, тұрақты оқырмандарға Шымкент қаласының Мәдениет басқармасы өткізетін ойын-сауық іс-шараларына, спектакльдерге тегін билеттер ұсынылмақ. Жоба авторлары, алматылық «Креативті бюро» командасы әр түрлі жас топтағы келушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, жаңғыртылған кітапхананың дизайны мен интерьеріне үлкен мән берген.

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында 10 кітапхана қайта жаңғыртылып, қала халқы уақытын тиімді өткізетін мәдени орынға айналмақ. Модернизациядан өткеннен кейін келушілер саны 4 есеге өседі деп жоспарланып отыр. Барлық кітапханалар «отбасылық кітапхана» концепциясымен дамиды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР