2024-03-28 23:19:05
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Инфрақұрылым мәселесі толық шешімін табады

Инфрақұрылым мәселесі толық шешімін табады

Қаладағы 81 елді мекеннің 41-і Түркістан облысының аудандарынан өткендер. Оларды инфрақұрылыммен қамту үшін қала әкімдігі магистралды газ, су құбырларын  тартты. Жаңадан пайдалануға берілген АГРС-3 газ тарату станциясының арқасында мегаполис бойынша «көгілдір отын» қуаттылығы артып, мораторийлік шектеу алынып тасталды.

Жоғарыда аталған Асар-2 шағынауданының тұрғындары да осы станция арқылы тарайтын табиғи газдың игілігін көріп отыр. АГРС-3-тің қуаттылығы 250 мың текше метрді құрайды. Бұрынғы ескі станция 180 мың текше метр газ тарататын. Ол қуаттылық қаланы газбен жабдықтауға толық жетпейтін. Жаңа станцияның мүмкіншілігі қаланың сұранысынан да артып отыр.

Сондықтан АГРС-3-тің салынуы жалпы мегаполистің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Жоспарға сәйкес Көмешбұлақ су көзінен 25 шақырымдық магистралды су құбыры тартылды. Қаланың солтүстік, солтүстік батыс бөлігіндегі Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Батыс, Жаңаталап, Көкбұлақ, Игілік секілді елді мекендер осы магистарлды құбыр арқылы таза әрі сапалы ауыз су ішіп отыр.

Сондай-ақ «Бозарық 220/110/10 КВ» қосалқы станциясы мен 110 кв қоректендіру желісі бар «1-М-1» қосалқы станциясы іске қосылды. Аталған нысандар қала шетіндегі шағынаудандарды электр жарығымен қамтамасыз етуге толық жетеді. Соның нәтижесінде, 250 мың халық тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабтары үздіксіз электр қуатымен жабдықталды.

Қала әкімдігі коммуналдық шаруашылық мәселесінде үлкен межелерді бағындырмақшы. Атап айтқанда 2023 жылы ауыз сумен қамту көрсеткішін жүз пайызға жеткізуді көздеуде. Бүгінгі таңда қалаға қарасты 81 елді мекеннің 78-інде ауыз су болса, қалған 3 ауылға Құрсай, Қайнарбұлақ, Сайрам тұрғын алаптарына кестемен беріліп отыр.

Сонымен бірге жауапты мамандар 2025 жылы мегаполис толық сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілетінін айтады. Қазіргі уақытта тек 8 елді мекенде ғана электр қуатының сапасы төмен. Табиғи газ да алдағы 3 жылда толық шешімін табатын болады. Қалада газы жоқ 8 тұрғын алап қана қалды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР