2024-04-20 08:30:31
16.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Үшінші мегаполисте көп қабатты тұрғын үй салуға басымдық беріледі

Үшінші мегаполисте көп қабатты тұрғын үй салуға басымдық беріледі

Шымкентте көп қабатты тұрғын үй салуға басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Citynews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығына сілтеме жасап.

– Шымкентте өткен жылы 157 нысанның құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, 92 тұрғын үй, 34 инженерлік инфрақұрылым және 31 әлеуметтік нысан тұрғызылды. Ал биылға 112 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Осы орайда негізгі басымдық көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысына берілгенін атап өту керек. Нақтырақ айтсам, басқарма тарапынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 79 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Бұл баспаналар кредиттік және арендалық бағыттарда іске асырылады, – деді Ербол Құланбайұлы.

Спикердің сөзінше, қалада Әкімшілік-іскерлік орталығы, «Шымкент сити» және «Тұран» шағын аудандарында 65 кредиттік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 33-і осы жылы өз иелеріне тапсырылады. Яғни, 2 096 азамат тиімді бағамен баспана сатып алады. Сондай-ақ, 14 арендалық тұрғын үй салынуда. Оның алтауы Әкімшілік-іскерлік орталығында, 8-і «Тұранда» орналасқан. Ол бойынша бұл жылы 6 үйдің құрылысы аяқталып, 336 пәтер пайдалануға беріледі.

Баспасөз мәжілісінде басқарма басшысы 2021 жылы пайдалануға ұсынылатын әлеуметтік сала нысандарының құрылысына тоқталды.

– Үшінші мегаполисте биыл 4 370 орындық 9 білім ордасының құрылысы жүргізілуде. Яғни, жыл соңына дейін 1 920 орындық (Тұран 1200 орын, Тоғыс 300 орын, Сайрам 300 орын, Сайрам 120 орын) 4 мектеп пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2 450 орындық 5 білім беру нысанының құрылысы келесі жылға өтпелі, – деді ол.

Брифингте Ербол Ахметов барлық нысанның құрылысы тұрақты бақылауда екенін айтып, осы жылы 61 нысан пайдалануға берілетінін тілге тиек етті.

Айта кетейік, жыл басынан бері пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 97,6 мың шаршы метрге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 590,1 пайыз өсімді құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР