2024-04-25 18:44:36
21.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Жаңа жолайрық – жол құрылысындағы ауқымды жоба

Жаңа жолайрық – жол құрылысындағы ауқымды жоба
Фото: 24.kz

Шымкентте биыл жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Салаға жауаптылар бұл мақсатқа қаралған қаржы былтырғымен салыстырғанда едәуір артып отыр дейді.

Мәселен, Бәйдібек би — Арғынбеков қиылысындағы жолайрық құрылысы қаладағы жол құрылысы саласындағы ауқымды жобалардың қатарына кіреді. Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы бүгінде қарқын алған. Үш деңгейден тұратын жолайрық  2022-2023 жылдар аралығында салынып, қаланың көлік қозғалысын реттеуге үлкен септігін тигізбек. Ауқымды жобаны іске асырудың нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік қабілеті екі есеге дейін артады. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылының 700 метрі, Арғынбеков көшесінің 921 метрі құрылыс аумағына енген.

– Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы – Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғалары орнатылып жатыр. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары құрастырылуда. Жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, биыл 1 қыркүйекте аталған даңғылдың солтүстік бағыты көлік қозғалысына жартылай ашылады. Ал оңтүстік бағытындағы көлік ағыны Арғынбековке қарай бұрылып, Байтұрсынов көшесімен бойлай жүретін болады. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне балама магистральдар ретінде Рысқұлов пен Төлеметов көшелері белгіленген.  Ал, Бәйдібек би даңғылына балама көшелер Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов таңдалынды, — деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.

Әл-Фараби көшесі жалғасының құрылысы қызу жүргізілуде. Көшенің жалпы ұзындығы 7,6шақырым, ені 43метрді құрайды. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80% аяқталған. Асфальттің тағы бір қабаты салынып, жол белгілері қойылады.Құрылысшылар қыркүйек айында нысанды толық аяқтап, ел игілігіне береміз деп отыр. Бұл жолды әсіресе Солтүстік саяжай тұрғындары асыға күтіпті.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР