2022-09-27 20:28:38
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкентте бесінші аудан құру туралы шешім қабылданды

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қаралды. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр. Қалаға кейіннен қосылған  ауыл типтес 41 елді мекен бар. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту –кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңадан бесінші аудан құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Бұл мәселе Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты  комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланғандықтан халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.

Осылайша, Шымкентте бесінші аудан құрылатын болды. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңды құрайды.

Шымкент қаласында бесінші аудан құрылсын. Осы бірлескен қаулы мен шешімнің қосымшасына сәйкес Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және бесінші аудандарының шекаралары белгіленсін», — делінген Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен қаулысы мен мәслихат шешімінің жобасында.

Бесінші аудан Шымкент қаласының батыс бөлігінде орналасқан. Бесінші ауданның шығыс бөлігі Әл-Фараби ауданымен шектеседі. Солтүстік бөлігі Абай ауданымен шектеседі. Солтүстік-шығыс бөлігі Қаратау ауданымен шектеседі. Бесінші аудан қаланың солтүстік-батыс бөлігінен «Жаңаталап» шағын ауданынан Үргінбай ата және Жанкелді батыр көшелерінің қиылысынан басталады. Одан әрі Жанкелді батыр көшесі бойымен Бадам өзенінің арнасынан оңтүстік-шығыс бағытта 18 300 м қашықтықта «Жаңаталап» тұрғын алабы, «Игілік» тұрғын алабы, «Қорғасын-2» шағын ауданы солтүстікке қарай айналып, одан әрі қарай Шардара көшесінің қиылысына дейін жетеді.

«Шымкент келбеті» – Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
Фото: Серік ҚОСАЕВ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР