2024-04-24 20:52:06
25.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

10 магистарльді көше пайдалануға беріледі

10 магистарльді көше пайдалануға беріледі

Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Оның жартысынан астамы асфальтобетон жолдар. Мың шақырымдайы шағал тас төселген көшелер. Қалған 150 шақырымнан астам жолы топырақ. Жергілікті әкімдік 2022 жылдың соңына дейін асфальтобетон жамылғысы бар және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 67,4 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл межені орындау үшін қала билігі тиісті жұмыстарды қолға алып жатыр.

Бүгінгі таңда мегаполистің 351 шақырым жолында жөндеу жұмыстары қайнап тұр. Соның 67 шақырым жолы жаңадан салынады немесе қайта жаңартылады. Қалғаны бойынша орташа немесе күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес асфальт жолдардың үлесі жыл сайын арта бермек. Мәселен,  2025  жылға қарай ол шамамен 80 пайызға жеткізіледі.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің  190-нында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Барлық көшені  жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар.

Дәл қазіргі таңда мегаполисте 190 нысанда жол-құрылыс жұмыстары атқарылуда. Оның екеуі Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би-Арғынбекова көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысы болса, қалғаны 6 кезеңнен тұратын Қонаев көшесінің, Оңтүстік, Шығыс айналма жолдарының,  Самал-1,2,3 шағынаудан көшелерінің, 2 кезеңге бөлінген Өтегенов көшесінің құрылыс жұмыстары. Бұдан бөлек А-2 жолы, Адырбеков көшесі қайта құрылып жатса, Ақжайық, Қайтпас-1, Тассай  шағынаудандарының  жолдары мен Қошқарата өзені арқылы өтетін 2 көпір күрделі жөндеуден өтуде.

Биылғы жылы ірі нысандар қатарына кіретін Қонаев даңғылы 3 кезеңінің, Қонаев-Рысқұлов жолайрығының және Самал-1,2,3, шағынаудандарындағы жолдардың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, егер құрылыс жолағында жатқан жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі дер кезінде шешімін тапса, Шығыс және Оңтүстік айналма жолдарының құрылысы да мәресіне жетеді.

Бүгінгі таңға дейін қаладағы орташа жөндеу жұмыстары атқарылып жатқан 155 шақырым жол толығымен бітті. Жалпы биыл мегаполистегі Республика, Рысқұлов, Иляев, Тәшенов, Ақназар хан, Клара Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин, Тоқаев сынды магистральді 10 көше жөндеуден кейін толық пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР