2024-04-20 11:20:32
23.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкенттік жастар «EcoStudentKZ» челленджі эстафетасын бастады

Шымкенттік жастар «EcoStudentKZ» челленджі эстафетасын бастады

Шымкент қаласындағы сегіз оқу орнының студенттері өткен сенбіде шаһардағы Қошқар ата өзенінің жағалауын тазалап, алғашқы болып республикада «EcoStudentKZ» челленджін бастады. Осылайша туған жердің экологиялық мәселесіне жанашырлық танытқан шымкенттік жастар келесі эстафетаны Павлодар қаласының жастарына жолдады.

Аталған іс-шара аясында жоғары оқу орнының студенттері қолдарына сыпырғы, тырма, күректерін алып, қаланың ең көрікті аймағы саналатын Қошқар ата өзенінің маңайын қоқыс қалдықтарынан тазартты. Сонымен бірге демалыс аймағына серуендеп келушілерге экологияны таза ұстаудың маңыздылығы жөнінде насихат жүргізді.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жастар саясаты бөлімінің басшысы Бекдәулет Тасболаттың айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты–жұрт назарын еліміздегі экология мәселесіне аударту. Соның ішінде әсіресе, жастардың бойында туған жердің табиғатына деген жанашырлық сезімін оятып, оны құры сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп көрсетуге тырысу. Осы челлендж шеңберінде студенттер қаланың тазалығына көңіл бөлуге, айналаны кұтіп ұстауға, қоқыстарды жәшікке сұрыптап салуды үйреніп, дағдыланады. Бір айтарлығы, бастаманы жоғары оқу орнының шәкірттері өз еркімен, ықтиярлығымен қолға алған. Бұл да болса, тәуелсіз елімізде өз Отанының табиғатына, жан-жағын қоршаған ортаға бейжай қарай алмайтын, титтей болсын туып-өскен жерінің гүлденуіне, көркеюіне атсалысып, үлес қосқысы келетін жас ұрпақтың өсіп, жетіліп келе жатқанын көрсетеді.

Экологияны сақтау, табиғаттың бүлінуіне жол бермеуді әркім өзінен бастау керек. Бұл жазылмаған заңдылық. Әрине экологияны жақсарту тұрғысында тиісті ереже, заңдар бар. Оны жүзеге асыратын мемлекеттік тиісті орган мен қажетті тетіктердің де бар екенін білеміз. Дегенмен елдің әрбір азаматы патриот, шын жанашыр болып, экология мәселесін жақсартуға көңіл бөлмесе болмайды. Әр азамат қайда болса да тазалықты сақтап жүрсе және оны айналасындағы таныстарына да үгіттеп насихаттаса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзің ғана жанашыр болып, өзгелер заңдылыққа бағынбаса, одан экология жақсарып кетеді деп айта алмаймын. Сондықтан мұндай бастама қоғам үшін өте қажет деп санаймын дейді ОҚМПУ студенті Гаухар Тілеу.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР