2025-12-03 03:54:47
1.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНКЕТТІК ОҚУШЫ 3 СЕКУНДТА ДИАГНОЗ ҚОЯТЫН БАҒДАРЛАМА ЖАСАДЫ

Шымкент қаласының жас өнертапқышы, «Білім-инновация» №1 лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Арсен Алмасхан медициналық технология саласында айтарлықтай жаңалық ашты. 15 жастағы оқушы жасанды интеллектке негізделген, бірнеше ауруды бір уақытта анықтай алатын диагностикалық бағдарлама жасап шықты. Бұл жоба медицинадағы жылдам әрі қолжетімді талдау әдістерін дамытуға бағытталған маңызды бастама ретінде бағалануда.

Арсен әзірлеген бағдарлама небәрі 3 секундтың ішінде науқастың негізгі сегіз биологиялық көрсеткішіне талдау жасап, алдын ала диагноз қоя алады. Дәстүрлі әдістерде дәрігерлер әр ауруды жеке тексерсе, жас программистің жүйесі бірнеше дертті қатар анықтай алады. Бұл, әсіресе, уақыт тапшылығында жұмыс істейтін медициналық мекемелер үшін тиімді шешім болмақ. Жүйенің жылдамдығы ғана емес, қарапайымдылығы мен қолжетімділігі де — оның ең үлкен артықшылықтарының бірі.

Жобаның тууына Арсеннің жеке өміріндегі жағдай себеп болған. Оның қарындасына нақты диагноз қою ұзаққа созылып, бірнеше айға созылған тексерулерді қажет еткен. Бұл жағдай жасөспірімге алғаш рет «медициналық диагностика неліктен соншалық ұзақ жүреді?» деген ой салған. Осы сұраққа жауап іздеу барысында ол жасанды интеллектті пайдалана отырып, шешімі бар мәселе екенін түсінген. Арсен ашық дереккөздердегі 800 адамның медициналық мәліметтерімен тәжірибе жасап, жүйені оқытқан. Соның нәтижесінде бағдарлама 80 пайыз дәлдікпен ауру белгілерін анықтай алған.

Қазіргі таңда жас өнертапқыш жобасын жетілдіру үшін кәсіби команда құруды жоспарлап отыр. Бағдарламаны кеңейту үшін одан да үлкен көлемдегі медициналық деректер қажет, ал олардың пайдалануына ресми рұқсат пен деректерді өңдеуге мүмкіндік беретін қуатты техника қажет екенін жас ғалым жасырмайды. Оның айтуынша, жобаға қолдау көрсетілген жағдайда жүйені Қазақстанның медициналық мекемелерінде қолдануға толық мүмкіндік бар.

Арсеннің бастамасы – жас буынның ғылымға деген қызығушылығының, ізденімпаздығының және қоғамға пайда әкелуге деген ұмтылысының жарқын мысалы. Бұл жұмыс — болашақта ел медицинасының дамуына серпін беретін, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға жол ашатын маңызды қадам. Жас өнертапқыштың еңбегі қазірдің өзінде үлкен қызығушылық тудырып отыр, ал оның алдағы жоспарлары — ғылым мен технологияға бет бұрған жастар үшін шабыт көзі.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР