Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, Сұлтанбек Қожанов атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебінің жұмысымен танысты.
1965 жылы салынған білім ұясының ішкі-сыртқы құрылымын қарап шықты. Және де басқарма басшысымен мектептің жағдайын көруге Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков те келді.
1 қабаттан тұратын білім ошағындағы ұстаздармен тілдесіп, мәселелерін тыңдады. Өз тарапынан ұстаздар қауымы салынғанына 57 жыл болған мектепті жаңартып беруді сұрады. Мұғалімдердің өтініш-тілегін тыңдаған облыстың бас ұстазы 300 орындықты жаңа мектеп салынатынын алға тартты.
Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанов атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебінде 200-ден аса оқушы білім алады. Оларға 40-тан аса педагог дәріс береді.
Сондай-ақ, оқу ордасында 2021-2022 жылы Ұлттық біріңғай тестілеуге 16 оқушысы барып, тең жартысы мемлекеттік грантка ие болған.