2024-04-20 05:37:27
13.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Мұғалім мектептің жүрегі десек те…

Мұғалім. Бұл жеңіл-желпі айтыла салатын қатардағы көп сөздің бірі емес. Біздің мұғалім дегенде көз алдымызға жан-жақты білімді, ішкі субьективтік және сыртқы обьективтік факторлары  тең түсіп жататын, педагогикалық қызметіне адал, мінез-құлқы, жеке мәдениеті, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттері, шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері айшықталып тұрған ұлт зиялысы келеді. Сондықтан да оларды ардақтаймыз, құрметтейміз, әрі-беріден соң басымызды иеміз. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин текке айтқан жоқ. Ал, сол мектеп жүрегінің бүгінгі ахуалдары, қоғамға көзқарастары, көпшілік алдында өздерін ұстаулары,  білімдері қай деңгейде?
Көпке топырақ шашқымыз жоқ, бірақ қоғам қайраткерлері ретінде аталып жүрген мақтаулы мұғалімдер арасында аракідік болса да аттарына кір келтіріп жүргендер кездеседі. Алқалы жиында қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлері сыбайлас жемқорлық көбіне білім ошақтарында кездесетінін жасырған жоқ. Мұның себебі неде?
Сараптап көрелік. Тоқсаныншы жылдары күнкөріс қамымен көптеген мұғалімдер басқа салаға ауысып кетті. Біраз мұғалім ала қапшық сүйретіп, базар жағалады. Мектепте тек өз мамандығын шексіз сүйетіндер ғана қалды. Бос орындарға бұрын ауылдық Кеңесті, кеңшарды басқарғандар, зоотехниктер, агрономдар,инженерлер, бухгалтерлер келді. Мектепті басқаруды ауыл әкіміне жүктеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекеменшік оқу орындары көбейді. Қолынан келгендер  институт, университет ашып тастады. Қолы қысқалаулары колледж ұйымдастырды. Қазір айтулы институттардың қосымша колледждері бар. Бұған енді кешегі күнге дейін сабақтасып келген «сырттан оқу» дегенді қосыңыз. Жаппай нарыққа көшу кезіндегі осы үрдістен соң арзан оқу ақысымен білім алған мұғалімдер мектептерге жұмысқа кіріп жатты. Ақшаның күшімен «оқу» бітіргендер жарытып бала оқытады ма?  «Орташа» деңгейдегі мұғалімнен орташа деңгейдегі шәкірт тәрбиеленеді емес пе?! Ал, оқытушысына пара беріп, баға алған студенттен ертең қандай маман шығады? Осының өзі мұғалім беделінің төмендеп кетуіне әсер еткені жасырын емес.
Жастар ең оңай мамандық – мұғалімдік деп ойлайтын дәрежеге жеткен күндер де болды. Бұған техникалық мамандықтардан гөрі гуманитарлық, яғни мұғалімдік оқуға құжат тапсырып жатқандардың көптігі де дәлел болса керек. Шалғай аудандардағы мектептерде химия, математика, физика, ағылшын тілі пәндері мұғалімдері жетіспейді. Неге? Өйткені, бүгінгі жастардың мұндай қиын сабақтарға тісі бата бермейді. Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлердің төменгі балл жинағандары амалсыздан мұғалімдік мамандықтарды таңдайтыны да содан. Ал, ата-ана болса «баламыз жоғары оқу орнын бітірсе болды» деген принцип ұстанады.
Осы кешеге дейін жалақының аздығынан, жағдайдың төмендігінен (пәтерге қол жеткізе алмаушылық, коммуналдық қызметтерге жеңілдіктердің жоқтығы, тағы басқалар), жүктемелердің көптігінен мектептерде  ер мұғалімдердің үлес салмағы азайып кетті. Ал, бірыңғай қыз-келіншектер жүрген жерде тәрбие тұсауланатынын ғалымдар жазудай-ақ жазып келеді. Мәселен, кілең әйел тәрбиесіндегі  баланың жасық болып өсетіні тәжірибеде дәлелденген. Ресей ғалымдары әскерге шақырылған жастарға тәжірибе жасап көргенде шешесінің тәрбиесінде өскендер өздігінен шешім қабылдай алмайтынын, бойларында батылдық қасиеттердің жоғалып кеткендігін анықтаған. Ал, әке тәрбиесінде өскендер қаруды тез меңгерген, жер де қазған, техника тілін де аз ғана уақытта үйреніп алған. Шеше тәрбиесіндегілер ыдыс жууға, еден сыпыруға, жалпы, жеңіл-желпі жұмыстарға сұранған. Мектепте қыз-келіншектердің  шамадан тыс көбейіп кетуі ұл тәрбиесіне, болашақ ер-азаматтың мінез-құлқын қалыптастыруға, олардың жігерлі болып өсулеріне кері әсерін тигізетіні айтылып та, жазылып та жүр. Осының барлығы, сайып келгенде, мұғалім беделінің төмендеуіне апаратын фактор .
Ұстаз! Мұғалімнің қоғамдағы екінші атауы – ұстаз. Ұстаз деп біз кімді айтамыз? Әрине, ол бәріне де үйретуші, жол көрсетуші, жоба сілтеуші, мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мықты насихатшысы – Ұлық адам! Ол өзінің жүріс-тұрысымен де, сөзімен де, ішкі, сыртқы мәдениетімен де қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады. Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова: «Сыртқы обьективтік факторларға, біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-материалдық, оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен мектепішілік психологиялық- педагогтық ахуал, тағы басқа көздер жатса, екіншіден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұғалімдік істі марапаттау, мұғалімдерге мемлекеттік атқару  органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін үгіт насихаттар, ата-аналардың көзқарасы, т.б. айтамыз» деп жазды. Аягүл апайдың аялы ой-пікіріне қылаудай қарсы ой айтқалы отырғанымыз жоқ. Ұлағатты ұстаз өте орынды айтып отыр.  Үлгі насихаттарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізу керектігін орынды еске салып отыр. Ал, біздің мұғалімдер не дейді? Қит етсе «бізге газет-журналдарды күштеп жаздырады» деп қарсы дау айтып шыға келеді. Жарайды делік. Сонда ұстаздар жаңа формацияға лайық білімді қайдан алады? Мемлекет басшысының, Үкіметтің, Білім және ғылым министрлігінің жаңа тапсырмалары мен  міндеттерін қайдан оқымақ? Мемлекет басшысы жыл сайын отандастарға Жолдау арнайды, жаңа міндеттер жүктейді. Осы маңызды құжаттармен қай жерде таныспақ? Интернеттерден бе? Ал, ол мұғалім іздеген деректі толыққанды бере алады ма? (Бұл жерде әлеуметтік желілердің қитұрқыларын айтпай-ақ қоялық).  Ұстазды мемлекеттің өркениетті даму саясатының насихатшысы дедік. Ал, газет-журнал оқымаған жан қалай насихатшы бола алады? Олар сол мемлекеттен  жалақы алады, әлеуметтік көмектер талап етеді. Ал, Отанға, туған жеріне тер сіңіруге келгенде неге қашқақтайды?
Бір мысал айтайық. Осыдан біраз жыл бұрын республикалық газетте мұғалімдер мен оқушылар арасында өтетін конкурс ережесі жарияланды. Көптеген мұғалімдер «хабарсыз қалдық» деп таудай өкпесін айтты. Егер қырағы мұғалім газетті мұқият қарап отырса, сол конкурс жайлы білетін еді ғой. Газетті мұқият қараған бір ғана мұғалім арқылы басқалары да хабардар болмас па?! Бұл жерде мұғалімдер жаппай газет оқымайды деп айтқымыз жоқ. Алайда, газет оқымайтын, журнал парақтамайтын ұстаздың көбейіп бара жатқаны тағы да өтірік емес.
Мұғалім сенбілікке қатыспасын дейміз. Ау, ағайындар-ау, ұстаз деген барлық игілік атаулының алдында жүрмес пе?! Мәселен, мұғалім сенбілікке шықпаған соң, оқушылар да қолына күрек ұстамайды. Сонда біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Осы жерде Ұстаз өнеге көрсетіп жүрсе, оқушы біткен еңбекке тәрбиеленбейді ме?! Ұстаздың өзі үйінде шіреніп жатып алса, шәкірттерін отансүйгіштікке, патриотизмге, еңбексүйгіштікке, ұйымшылдыққа кім тәрбиелейді? Жол көрсететін, жол бастайтын Ұстаз осы тұста бұғып қалса, басқасынан не сұрарсың?
Жалпы, руханияты мешел мұғалім оқушысына жақсы тәрбие бере алмайды. Абайды, Фарабиді, Мұхтарды, Сәкенді, Сәбитті, Бейімбетті, тағы басқаларын білмеген ұстаздан ұлық адам шығады ма? Жарайды, аталған тұлғаларды бірсыдырғы білсің-ақ, бірақ, өнер, мәдениет, спорт  әлеміндегі соңғы жаңалықтар мен табыстардан мақұрым мұғалім кімге үлгі бола алады? Шәкірттерімен бірге театрларда, стадиондарда, клубтарда отырған ұстаз нағыз ұстаз емес пе?! Тарих немесе өлкетану пәнінің мұғалімі шәкірттерін тарихи, киелі де көрікті жерлерге бастап бара жатса, мұның өзі тәрбие көзі емес пе?!
Қазір көшемен көше аралап, оқушыларының ата-аналарымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып жүрген сынып жетекшілерін де сирек көреміз. Осындай бір қолайлы сәтте өзің тұратын шағын аудан тұрғындарымен етене танысу да керек-ақ. Жұртқа көрінбей, мектепте тығылып жүрген жаннан жақсы тәрбиеші шықпайды. Ежелгі грек ғұламалары «Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді» деген екен. Өнеге,үлгі көрсетіп, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп жүрген Ұстаз алдын кім кесер?!
Қазақстанды Мәңгілік Ел ететін бүгінгі ұрпақ. Мемлекет мұғалім беделін көтерген сайын, қоғамда мұғалім беделі де биіктей түседі. Өз мамандығына адал, қоғамға пайдалы іс жасап жүрген, еліміздің тарихы, мәдениеті мен өнері сынды құндылықтарымызды насихаттап жүрген әрі ұлт болашағын тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымынан ештеңені де аяғымыз жоқ. Егер осы жауапкершіліктің үдәбарасынан табыла білсе, халқымыздың даңқты перзенттерінің бірі Мағжан Жұмабаев айтқандай «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі».
Ұстаздардың азаматтық ұжданы, беделі мен біліктілігі дегенде айтпағымыз осылар еді. Мерекелеріңізбен, қадірменді ұстаздар!
 
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, 
Қазақстанның құрметті журналисі.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР