2024-04-26 01:47:33
16.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Латын әліпбиіне көшу— заман талап еткен бастама

Латын әліпбиіне көшу— заман талап еткен бастама

Жaңa әліпбиді зерттеген ғaлымдaр оны жіті үйренy үшін, көп күш пен yaқыттың керек емес екенін aлғa тaртып отыр. Көзді үйретіп, сaнaны жaттықтырсa жеткілікті дейді. Осы тұста филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Қатайқызы Момынова былай деп жауап берді.

–Лингвистика ғылымында жазу мен жазба мәдениеті бір бірімен туыстас егіз ұғым болып саналады. Себебі, жазу дегеніміз — ұлттың рухани танымын қажеттілігін өтейтін құрал. Жазу тарихына қарап отырсақ, ол міндетті түрде мемлекетпен бірге пайда болатын дүние. Ал, әліпби дегеніміз белгілі бір тәртіппен орнатылған әріптердің жиынтығы. Осы әліпбиді пайдалана отырып, әртүрлі мәтін түрлерін қағаз бетіне түсіруге мүмкіндік аламыз. Латын графикасы бұл бір графема, бір фонема арқылы құрылған. Осы принципке негізделгендіктен әріптік дыбыстық жазу деп аталады. Бұл әліпби дүниежүзі елдері үшін ыңғайлы жазу түрі. Мұнда таңбалардың саны аз, дыбыс мейлінше аз жеткізе алады деп есептеледі. Аталмыш алфавитті бүкіл әлем мойындаған. Әлем халықтарының 75% қолданатын жазу түріне жатады. Бұл латын әліпбиінің көрсеткішін білдірсе керек. Дүниежүзінде ғылыми практикалық прогрессты, жаңа технологияны дүниежүзіне таратып отырған елдердің барлығы дерлік латын жазуын пайдаланады. Сондықтан латын жазуының ғаламдану кезінде техниканың тілін игеру үшін, латын алфавитін білу біз үшін пайдалы болып тұр.

Қазақ даласында әліпби бірнеше мәрте ауысты. Тіл жанды құбылыс. Ол үнемі өзгеріп отырады. Дамып жетілген тілдің өзгерістерін әліпби жеткізе ала ма? Әліпби жазумен бірге өзгере ме? Осы жағынан алғанда кез келген әліпбидің кемшілігі бар деп есептеймін. Әліпбиде тұрақтылық болса, тілде эволюциялық даму болады,— дейді филология ғылымдарының докторы, профессор.

«Ана тіліміздің болашағы үшін бұл бастаманы халық болып бірлесе көтерген әлдеқайда жеңіл болады. Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы көп»,- дейді Бағдан Момынова.

–Біздің қазіргі уақытта латын әліпбиі жағымды жаңалық болар еді. Кез келген әліпби жазу түрі қоғамдық қарым-қатынастарға енген кезде әрине қиындықтар тудыратыны рас. Бірақ біздің жас ұрпақтың, тіпті бастауыш сыныпта білім алатын оқушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеуі латын әліпбиін меңгеруге көп көмегін тигізеді деп ойлаймын.

Меніңше Қазақстанның кез келген азаматы латын әліпбиіне көшуге қарсылық танытпайды. Себебі латын әліпбиімен жазба коммуникациясын дамытып отырған елдердің басым көпшілігі дамыған елдердің қатарында. Дамыған ел болғаннан кейін белгілі бір дәрежеде экономикалық және саяси ықпалын жүргізеді. Сол себепті мемлекет үшін пайдасы көп.

«Латын әліпбиіне көшу осы әліпбиге көшкен елдердің тәжірибесіне негізделген»,— дейді филология ғылымдарының докторы, Алдаш Айман Мырзалықызы.

–Латын әліпбиі — жарқын болашаққа жеткізер жол. Бүгінгі таңда әлем халқының 70% осы әліпбиді қолданып келеді. Түркі тілдес елдер де осы жаңа әліпбиге көшкен. Біріктіруші фактор болып табылатын тілдің рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Латын әліпбиіне көшу рухани байланысты нығайтуға және қазақ тілін әлемдік деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде біздің еліміз қарқынды дамып жатқан мемлекет ретінде өмірдің барлық тұстарын жаңғырту бойынша өзіне ауқымды міндеттер қояды. Бұл ғылымды қажетсінетін технологияларды енгізуге және цифрлық Қазақстанды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, егер біз дүниежүзілік ғылым мен білімді игеріп, техникалық даму үдерісінен артта қалғымыз келмесе, бізге латын әліпбиіне өту қажет.

Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін тарихи оқиғалардың бірі. Бұл заман талабына қажетті нақты жоба. Әлемде көп қолданатын әліпбиге оралу жақсы мүмкіндік. Орайы келгенде айта кетейік оралу деп отырғанымыз латын әліпбиі елімізде өткен ғасырдың басында қолданыста болған. Латын графикасына көшу қазақ тілді контентті арттыруға, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге ықпал етеді. Әлемдік коммуникациялық кеңістік технологиялық ақпараттық ортаға еркін ену үшін де қажет. Бұл заман талабы.

el.kz сайтынан алынған ақпарат

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР