2024-04-26 09:38:29
19.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Стандарт» индустриалды аймағындағы маңызды жоба

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында өнеркәсіп саласының өндіріс көлемі 666,4 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштің 6,7 пайызға артқанын көрсетеді. Есепті кезеңде қала экономикасына 219,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның көлемі былтырғыға қарағанда 28,6 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес нысандары да 30.7 пайызға ұлғайған. Өткен жылы оның саны 91 мың еді. Биылғы тоғыз айдағы бөлшек сауда табысы 417.9 млрд теңге. Өз кезегінде бұл көрсеткіш те өткен жылғыдан 11.5 пайызға жоғарылаған.

Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша, 2022-2025 жылдар аралығында 622 млрд. теңгеге 66 жобаны іске асыру бойынша арнайы пул жасақталды. Осының аясында 3 жылда 8,3 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Соның ішінде, 2022 жылы 1 мыңнан астам адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін құны 51,4 млрд. теңгенің 14 инвестициялық жобасын іске қосу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 29,2 млрд.теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде жаңадан 520 жұмыс орны ашылды.

Осы жылы іске қосылған жобалардың ішінен «Standard Steel» ЖШС-нің түсті металл концентратын алу үшін қалдықтарды қайта өңдеу қондырғысын атауға болады.

Бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба дейді «Стандарт» индустриалды аймағын басқарушы компанияның директоры Азамат Мелдібеков. Өйткені кәсіпорын бұрынғы қорғасын зауытынан тау болып үйіліп қалған қалдықтарды өңдеумен айналысады. Қорғасын зауытының аймағы 118 гектар жерді құрайды. Қазір мұнда жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағы салынып жатыр. 2 млн тонна қорғасын қалдықтарын өңдеу үшін фабрика тұрғызылды. Жылына мұнда 500 мың текше метр қалдық өңделеді. 5 жылда қалдықтар түгел өңделіп бітуі тиіс. Сонда мегаполис қаланың көркін бұзып келген бұрынғы зауыт пен оның аумағындағы зиянды заттардан толық құтылатын болады. Жобаның коммерциялықтан гөрі әлеуметтік салмағы басым деудің сыры да осында. Бүгінгі таңда қалдықтарды өңдеуден алынған мыс концентраты Өзбекстанға экспортталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР