2024-04-26 04:38:33
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкентте 11 мыңнан аса түлек мектеп бітірді

Шымкентте 11 мыңнан аса түлек мектеп бітірді

Бүгін Шымкенттегі 203 мектепте соңғы қоңырау соғылды. Осы білім ұйымдарын 242 525 оқушы оқу жылын аяқтаса, биыл 11 189 түлек мектеп бітіреді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының  міндетін уақытша атқарушы  Рыскелді Әліш хабарлады.

Рыскелді Әліштің айтуынша, мерекелік іс-шара өткізуде бітіруші түлектерге аниматорлар, мерекелік агенттіктер, жеке студияларды тартуға, мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге, салтанатты дастархан ұйымдастыруға, прокатқа машина алу арқылы қала ішінде экскурсия өткізуге шектеулер қойылып,  әкімшілік және педагогикалық қызметкерлерге сыйлықтарға ақшалай қаражат жинауға, мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа да көңіл көтеретін орындарда өткізуге жол берілмейді.

Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 453 оқушы Алтын белгіге үміткер болса, 20 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан.

Ал, 9 сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2022 жылғы 28 мамыр – 6 маусым аралығында  төрт пән бойынша, 11 сыныптың білім алушылары үшін бітіру емтихандары 2022 жылғы 27 мамырдан бастап 10 маусым аралығында бес пән бойынша өтеді.  Өткен жылдарға қарағанда «Қазақстан тарихы» пәні бойынша қорытынды аттестаттау ағымдағы жылдан бастап ауызша емтихан нысанында (билеттер бойынша), қалғандары – жазбаша емтихан нысанында өтетін болады.

Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында 26 мамыр – 17 маусым аралығында жазғы мектеп жұмысы ұйымдастырлып, жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілетін болады.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарланған. Келер жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР