2024-03-29 03:59:26
5.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкентте 15-қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе салынады

Шымкентте 15-қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе салынады
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының бас дәрігері Б.Позилов пен қалалық Білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Б.Позилов тұмауға қарсы жүргізілетін вакцинациялау жұмыстары туралы айтты.
– «Балаларға вакцина салынады» деген қауесет халықты үрейлендіріп жатыр. Вакцинаның балаларға салынатынын растайтын ешқандай ресми құжат жоқ. Сондықтан мұндай ақпаратты таратуды доғару керек. Ал ағымдағы жылдың 15-қыркүйегінен бастап елімізде тұмауға қарсы екпе салдыру жұмыстары басталады. Бұл вакцина тұрғылықты мекен-жайы бойынша келісім берген жағдайда қауіп қатер тобындағы азаматтарға тегін салынады, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Спикердің сөзінше, биыл дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызамық, эпидемиялық паротит аурулары тіркелмеген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылықтың 2,9 есеге төмендегені байқалған. Қазіргі уақытта 1-сынып оқушыларына білім беру мекемелерінде манту сынамасын жүргізу басталған. Одан кейін БЦЖ туберкулезге қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілмек.
Ал жиында қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мектептерде екпе егу, дизинфекция жүргізу жұмыстарына қатысты жалған ақпараттар таралғанын мәлімдеді.
– Қоғамда дұрыс емес ақпарат таратылып жатыр. Балаларға короновирусқа қарсы вакцина салу орын алған жоқ. Сондықтан «мектепте балаларға вакцина салынады» деген сөздерге сенбеңіздер. Кез келген 18 жасқа толмаған балаларға ата-ананың рұқсатынсыз ешкім де ешнәрсе істей алмайды. Балалардың денсаулығы біздің де, үкіметтің де бақылауында. Әр жұмысқа оң көзқараспен қарап, балаларға ыңғайлы жағдай жасалынып жатқандығын түсініңіздер. Білім беру ұйымдарына балаларыңызды бетперделік режиммен жіберулеріңізді сұранамын. Сондай-ақ, алдағы уақытта сыныпта ковид инфекциясы расталған жағдайда дизинфекция жұмыстары жүретіндігінен хабардар еткім келеді, – деді Жанат Арысбекқызы.
Айта кетейік, қаладағы 202 мектепте 223 мың оқушы штаттық режимде білім алуда. Ал 11 оқушының ата-анасы онлайн форматта оқуға өтінім берген.
Еске сала кетейік, жыл сайын 300 мыңнан астам қала тұрғыны тұмауға қарсы екпе салдырады. Оның басым бөлігі — балалар. Ал коронавирусқа қарсы салынып жатқан вакцинаның барлығы 18 жастан асқандарға арналған.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР