Шымкенттік полицейлер бейнебақылау көмегімен көлік ұрыларын санаулы минутта ұстады , – деп хабарлайды Citynews.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Қаратау АПБ-не “102” арнасына жергілікті тұрғын арызданаған. Оның айтуынша, Нұрсәт-3 шағынауданында орналасқан үйінің ауласында тұрған Audi-100 автокөлігін белгісіз тұлғалар заңсыз айдап кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 млн теңгені құрады.
Аталған жайт СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) тіркелді. Арызданушының көлігін табу мақсатында полицейлер шұғыл қажетті шараларды іске асырды.
Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты Жедел басқару орталығындағы бейнекамералардың көмегімен “102” пультіне хабарлама түскен сәттен арада үш минут өткенде Патрульді полиция полкінің қызметкерлері Бәйдібек би көшесі бойында дәл сол Audi-100 автокөлігін көріп, сол арада тосқауыл қойды.
Тәртіп сақшылары көлікті заңсыз айдап әкеткен азаматтарды анықтап, ұстады. Олар Түркістан облысының 17 және 20 жастағы үш тұрғыны болып шықты. Өз кінәларын толық мойындады.
Тәртіп сақшылары жәбірленушінің автокөлігін айғақты зат ретінде тәркілеп алып, оны заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.