2800-ден астам тұрғыны бар Тассайда көптен күткен қуаныш! 300-ге жуық үй табиғи газбен қамтылды.
Сайрам тұрғын алабының Тассай бөлімшесінде табиғи газ жүйелерінің құрылысы 2019 жылы толық аяқталған болатын. Газ құбырының ұзындығы –7,507 км. Бұған дейін абоненттеу жұмыстары жүргізіліп, бүгін құжаттары дайын болған үйлерге газ қосылды.
Игі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, Мұратәлі Қалмұратов пен қоғам белсенділері қатысты.
«Көріп тұрмыз, жолдар жөнделіп, лоток қойылыпты. Таза су да кірген екен, енді міне көгілдір отынға қол жетіп отыр. Қандай керемет! Шымкентіміз күннен күнге шырайланып, шалғай жатқан елді мекендердің сәні кіре бастаған. Игі істің артында қаншама еңбек жатыр. Пайдалануға берілген әрбір нысан игіліктеріңізге жарасын!»-деді халық қалаулылары. Өз кезегінде жергілікті халық та билік өкілдеріне алғысын жаудырды.
Кешегі кезбен бүгінгіні салыстыруға болмайды. Алғашқы жылдары бұл шағын ауданда инфрақұрылым мәселесі мүлдем шешілмеген еді. Инженерлік жүйелердің барлығы жекеменшік қолында болды. Бағасы болса да қымбат. Көп адамдар соның салдарынан үйлеріне көгілдір отын кіргізе алмай жүрді. Коммуналдық компаниялар жүргізген жаңа инфрақұрылым жүйелерінің нәтижесінде бұл проблема өздігінен шешімін тауып, қазір адамдар бұрын арман болған табиғи газға және басқа да мегаполиске тән игіліктерге қол жеткізіп отыр. Қала әкімдігі өз кезегінде алдағы уақытта инфрақұрылымға байланысты барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Бұл әсіресе жолдарды асфальттау мен кәріз жүйесіне қатысты мәселе төңірегінде болып тұр.
Жалпы Қаратау ауданына қарасты Тассай шағын ауданы ауыз сумен, мемлекеттік жүйедегі электр жарығымен толық қамтылған.
Бұдан бөлек, осы жылы Мұңайтпасов 1,2 көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 2,5 шақырым, ені 6 метрді құрайтын 2 көшеге асфальтбетон қабаты төселді. Сонымен қатар аяқжол салынып, жол жиегіне суағарлар орнатылды.