Шымкент қаласында №20 «Қазына» бөбекжай-бақшасы базасында мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру әдістеріне арналған семинар-кеңес өткізілді. Іс-шара мобильді топ жұмысы аясында ұйымдастырылып, педагогтер тәжірибе алмасып, заманауи әдістермен танысуға мүмкіндік алды.
Семинардың басты мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың табиғатты сүйіп, оны қорғауға, жан-жақты дамуға үйрету, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру болды. Педагогтер экологиялық тәрбие берудің заманауи әдістері мен тәсілдерін талқылап, балалардың қызығушылығын арттыруға арналған практикалық тәжірибелермен танысты. Бұл іс-шара арқылы педагогтер шығармашылық қабілеттерін шыңдап, дамытушы ойындар мен тәжірибелік жаттығуларды қолдануды үйренді.
Семинар барысында балалардың табиғатқа деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру жолдары көрсетілді. Мысалы, топтармен бірге өсімдіктерді өсіру, тұқым себу, суды үнемдеу және табиғи материалдарды пайдалану арқылы экологиялық білім беру тәсілдері қарастырылды. Сонымен қатар, педагогтер сенсорлық әдістерді қолданып, жапырақтар, тастар, бұтақтар арқылы тәжірибелік тапсырмаларды орындады. Мұндай жұмыстар балалардың зерттеушілік қабілетін арттырып, табиғатты тануға деген қызығушылығын күшейтеді.
Іс-шараға барлығы 110 педагог қатысты. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа идеялар мен практикалық ұсыныстар алды. Бұл семинар мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін кәсіби шеберлікті арттыруға, жаңа әдістемелік тәсілдерді қолдануға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, балалардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау дағдылары мен экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Шымкенттегі мұндай семинарлар педагогтарға заманауи білім беру тәжірибесін меңгеруге, шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге және балалардың ой-өрісін кеңейтуге жағдай жасайды. Экологиялық тәрбие – болашақ ұрпақтың табиғатты қадірлейтін, жауапты азамат болып қалыптасуының кепілі. Өскелең ұрпақ үшін табиғатты қорғау мен жанашырлық сезімін қалыптастыру еліміздің тұрақты дамуына үлес қосады.
